
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Джорджа Мелониге Италия Республикасы Министрлер кеңесінің Төрайымы қызметіне тағайындалуына байланысты құттықтау хат жолдады.
«Бұл жеңісіңіз отандастарыңыздың Өзіңізге және Сіздің коалиция жүргізіп отырған саясатқа деген сенімнің жоғары деңгейін дәлелдеп отыр. Қазіргі таңда Италия экономикасы озық, өңірлік және жаһандық тұрғыда беделі кеңінен мойындалған мемлекет ретінде өз орнын айқындатып келеді», - делінген хатта.
Мемлекет басшысы Италияның жаңа Премьер-Министрінің басшылығымен жүзеге асатын бастамалар мен жоспарлар елдің мерейін бүгінгіден де үстем, болашағын жарқын ететініне сенім білдірді.
Италияның Қазақстанның Еуропадағы шынайы досы әрі сенімді стратегиялық серіктестерінің бірі екендігін атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев қос мемлекет арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беру үшін бірлесе күш-жігер жұмсауға дайындығын қуаттады.
Қазақстан Президенті Джорджа Мелониге қызметте толағай табыстарға жетуді, ал достас Италия халқына баянды бақыт пен құт-береке тіледі.