
Нұр-Сұлтан, 2022 жылғы 1 қыркүйек – Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа маңызды Жолдауын жариялады. Жолдау Жаңа Қазақстан жолындағы реформалар мен саяси жаңғыру бағдарламасына, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналды.
Президент саяси билікті орталықсыздандыру үдерісін жалғастыратын бірқатар іргелі және жан-жақты саяси реформаларды жариялады.
Атап айтқанда, президент өкілеттігін жеті жылдық мерзіммен шектеу ұсынылып, биыл күзде кезектен тыс президент сайлауы өтетіні жөнінде хабарланды.
Президент Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстанды құруға бағытталған түбегейлі және кешенді реформаларды сәтті жүзеге асыру» үшін «халық сенімінің жаңа мандатына» ие болудың маңыздылығын атап өтті.
Халықтың қатысуын қамтамасыз ету үдерісі аясында Мемлекет басшысы сондай-ақ 2023 жылдың бірінші жартысында Мәжіліс (Парламенттің төменгі палатасы) және мәслихаттар (жергілікті өкілді орган) сайлауы өтетінін хабарлады. Президент «еліміздің саяси жаңғыруы аясында парламентаризмді дамыту басты орынға ие» екендігіне, «конституциялық реформада көзделген барлық институционалдық өзгерістер заңнамалық тұрғыда жыл соңына дейін аяқталуы тиістігіне» тоқталды.
Наурызда жарияланған жаңа саяси партиялардың кеңістігін күрт кеңейткен ірі саяси реформаларға тоқталған Президент бұл реформалар саяси бәсекелестікті күшейтіп, халық қалаулыларының жаңа толқынының пайда болуына ықпал ететініне сенім білдірді.
«Жаңа Қазақстан» реформаларының тағы бір маңызды тақырыбына тоқталған Президент Қ.Тоқаев сондай-ақ өзінің Қазақстандағы заң үстемдігін нығайтуға бейілділігін қуаттады. Ол сот жүйесіндегі, әсіресе Жоғарғы Сот реформалары «судьяларға мемлекеттік қысымды» жоятынын мәлімдеді. Тоқаев сондай-ақ бүкіл сот жүйесінде біліктілікке басымдық берудің маңыздылығына тоқталып, барлық судьялар «жоғары білікті, адал және сатылмайтын болуы керек» екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде айта келіп, алда «азамат – бизнес – мемлекет» үштігіндегі қарым-қатынастарды терең қайта құру күтіп тұрғанын», «ең алдымен мемлекет мүмкіндіктер теңдігі мен барлығы үшін әділеттілікті қамтамасыз ететіндігін» атап өтті. Ол жеке кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру, мемлекеттік капитализм мен мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуынан бас тарту, бәсекелестікті дамыту, барлығына тең мүмкіндіктер жасау және ұлттық табысты әділетті бөлуді қамтамасыз ету жаңа экономикалық бағыттың басымдықтары болатындығын тілге тиек етті.
Президент Тоқаев бүкіл Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар жаңа бастамаларды жариялады. Олардың ішінде 1,8 миллионнан астам азаматтың ең төменгі жалақысын көтеру, нақты секторды тұрақты және қолжетімді несиелендіруді қамтамасыз ету, кәсіпкерлерге жер телімін беру, екі жыл ішінде 650 ауылда медициналық пункттер салу сияқты бастамаларды атап өтуге болады. Бұл бір миллионнан астам халықтың алғашқы медициналық-санитарлық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Қазақстанның болашақ экономикалық табысының негізгі элементі болып табылатын білім беру басымдығына тоқталған Президент Қ.Тоқаев балаларға арналған Ұлттық қордың құрылатынын мәлімдеді. 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ұлттық инвестициялық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18 жасқа толғанға дейін балалардың арнайы жинақ шоттарына бағытталатын болады. Содан кейін бұл қаражат балалар 18 жасқа толғанда баспана сатып алуға, білім алуға және басқа да бастамаларға жұмсалады. Президент жемқорлардан тәркіленген ақшаны мектеп құрылысына бағыттауды да тапсырды.
Қазақстан басшысы еліміздің транзиттік әлеуетіне де тоқталып, «Қазіргі геосаяси жағдайда Қазақстан Азия мен Еуропа арасындағы ең маңызды құрлық дәлізіне айналып отыр. Біз пайда болған мүмкіндіктерді толық пайдаланып, шын мәнінде жаһандық маңызы бар көліктік-транзиттік торапқа айналуымыз қажет» деді.
Биылғы қаңтардағы қайғылы оқиғаларға тоқталған Президент қылмыстық жауапкершілікке тартылған наразылық акциясына қатысушыларға рақымшылық жариялады.
Өзінің шешімін түсіндіре келе, ол: «Наразылық акцияларына қатысушылар да, тәртіп сақшылары да объективті әділдік қана емес, қоғамның мейірімінен де үміт күтетін азаматтарымыз. Заң бұзушылардың көбі өз кінәсін түсініп, өз істеріне өкініп отыр. Менің ойымша, олар екінші мүмкіндікке лайық» деді. Қ.Тоқаев рақымшылық лаңкестік, экстремизм және азаптау бойынша айыпталғандарға қолданылмайтынын және бұл аса ауыр қылмыстар сот жүйесінде қаралатынын атап өтті.
Өз Жолдауын қорытындылай келе, Президент Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстанды құру енді ғана басталып жатқанын, бұл бағыт мызғымас және ішкі және сыртқы сипаттағы кез келген жағдайға қарамастан жалғаса беретінін» атап өтті.