Неаполь қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды

Неаполь қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды

Неаполь, 2022 жылғы 23 маусым – Неаполь қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы ашылды. ҚР құрметті консулы болып итальяндық «SCN» компаниясының басшысы Валентина Мацца тағайындалды. Салтанатты ашылу рәсімі Италия Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшісі Ерболат Сембаевтың қатысуымен өтті.

Қазақстан Елшісі өз сөзінде Қазақстан мен Италия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толу қарсаңында аталған іс-шараны өткізудің символдық мәні бар екенін айтты. Сонымен қоса Е. Сембаев Құрметті консулдықтың ашылуы екі елдің екіжақты күн тәртібін, соның ішінде сауда, инвестициялық және гуманитарлық бағыттарды кеңейту жөніндегі саяси ерік-жігерінің көрсеткіші болып табылатынын атап өтті.

Қазақстандық дипломат Неапольдегі, миллионнан астам халқы бар, сонымен бірге дамыған туристік және көліктік-логистикалық инфрақұрылымымен танымал Италияның үшінші ірі қаласы болып табылатын Құрметті консулдықтың құрылуы Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Өз кезегінде Құрметті консул Қазақстан Үкіметіне сенім білдіргені үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы өзара іс-әрекеттің әлеуетті бағыттарын белгіледі. Сөз сөйлеу барысында В. Мацца итальяндық кәсіпкерлерді қазақстандық қарсы әріптестермен іскерлік байланыстар орнату және бірлескен жобаларды іске асыру үшін Құрметті консулдықтың мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды.

Кеңсенің негізгі функциясы Кампания өңірімен экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды жолға қою, сонымен қоса Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын қорғауға жәрдемдесу болып табылады.

Іс-шараға қала басшылығы, жергілікті БАҚ және бизнес өкілдері қатысты. Рәсімге қатысушыларға республиканың сыртқы саяси және экономикалық жетістіктері, елдегі саяси тұрақтылық және инвестициялық ахуалдың тартымдылығы туралы баяндайтын ақпараттық материалдар табыс етілді.