Италияның солтүстігінде Қазақстанның саяси реформалары мен экономикалық бағыты таныстырылды

Италияның солтүстігінде Қазақстанның саяси реформалары мен экономикалық бағыты таныстырылды

Триест, 2022 жылғы 4 мамыр - Екіжақты ынтымақтастықты кеңейту шеңберінде Италия Республикасындағы Қазақстан Республикасының Елшісі Ерболат Сембаев іс-сапарымен Фриули-Венеция-Джулия өңіріне барды.

Іс-сапар шеңберінде өңір басшысы Массимилиано Федригемен, сонымен қоса Триест қаласының мэрі және префектісі Роберто Дипьяцца және Аннунциато Вардемен кездесулер өтті, оның барысында тараптар одан әрі сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады. Сұхбат барысында Елші Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен «Жаңа Қазақстан» құрылысы аясында экономикалық реформаларды жүзеге асыруға бағытталған елдің жаңа бағыты туралы айтты.

Е.Сембаев итальяндық компаниялармен ауыл шаруашылығы, химия өнеркәсібі, металлургия, жиһаз өндірісі және басқа да салалардағы өзара іс-әрекеттестікті нығайту қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде сұхбаттастар Қазақстан тарапының ниетін жоғары бағалап, ынтымақтастық пен өңірдің елдің бастамаларын қолдауға дайын екендіктерін білдірді.

«Біздің өзара тиімді сауда-экономикалық өзара іс-әрекет үшін орасан потенциалымыз бар екеніне сенімдімін. Өз тарапымыздан өңірлік ынтымақтастықты дамытуға қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді Е.Сембаев.

Сонымен қатар, іскерлік және ғылыми орта, сондай-ақ өңірдегі БАҚ өкілдері үшін Елшілік мемлекет басшысы      Қ.К. Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған конференцияны ұйымдастырды. Қазақстандық дипломат тиімді мемлекет пен әділ қоғам құруға, Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ҚР Президентінің жолдауы мен бастамаларының негізгі ережелерін атап өтті.

Қазақстан мен Италия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шара шегінде қонақтардың назарына еліміздегі қарқынды өзгерістерді, оның тарихи көрікті жерлерін ашатын фотокөрме, сонымен бірге Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» және Абайдың «Қара сөздері» атты итальян тіліндегі кітаптары ұсынылды.

Осы күні, Жеңіс күнін мерекелеу қарсаңында Елші Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Италияның солтүстік облыстарын азат ету кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.