Италияда Қазақстанның негізгі ұстанымдары ұсынылып талқыланды

Италияда Қазақстанның негізгі ұстанымдары ұсынылып талқыланды

2022 жылғы 21 ақпан, Рим - Италия Парламенті Депутаттар палатасының кеңсесінде «Vision and Global Trends» Жаһандық зерттеулер институтының ұйымдастыруымен «Еуропа, Италия және Орта Азия: геосаяси сценарийлер және геоэкономикалық ландшафт» тақырыбында семинар өтті.

Өз сөзінде Қазақстан Елшісі Ерболат Сембаев қатысушыларды ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың саяси және экономикалық реформалар бағдарламасын іске асыру барысы, ядролық қарусыздану және адам құқықтарын қорғау шеңберіндегі қазақстандық бастамалар туралы хабардар етті.   

«Қазақстан бұрынғысынша көпвекторлы, теңдестірілген және сындарлы сыртқы саясатты ұстанып келеді. Өткен жылдар ішінде біз барлық жақын көршілерімізбен, Батыс елдерімен, Еуропамен, Азия және Таяу Шығыс мемлекеттерімен жақсы қарым-қатынас орнаттық», - деді Елші.

Сонымен қатар, Қазақстан Елшісі елімізде орын алған «қайғылы қаңтар» оқиғалары туралы хабардар етті. Атап айтқанда, қазіргі уақытта Қазақстандағы жағдай толық реттелгені және ел өзінің көпжақты саясатын белсенді түрде жалғастырып келе жатқаны, сондай-ақ өзінің халықаралық деңгейдегі міндеттемелерін ұстанатыны туралы атап өтілді.

«Үкімет отандық және шетелдік инвесторлар мен сауда серіктестерінің Қазақстан экономикасына деген сенімін қалпына келтіру үшін барлық шараларды қабылдауда. Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында Инвестициялық саясат тұжырымдамасы әзірленді», - деп атап өтті қазақстандық дипломат.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың, іскер топтардың өкілдері, сондай-ақ Италияда аккредиттелген дипломатиялық корпустың басшылары қатысты.