Милан қ., 2021 жылғы 13 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшілігі Ломбардия өңірлік үкіметінің, Қазақстан-Италиялық Сауда Қауымдастығы (ACIK) және «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның қолдауымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында «Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы және пандемия кезінде Қазақстан мен Италия арасындағы экономикалық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында бизнес-форум ұйымдастырды.
Бизнес-форумда қазақстандық тараптан «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жандос Темірғали және Kazakh Tourism Ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сәдуақасов, Мұнай-газ машинасын жасауды дамыту халықаралық орталығының бас директоры Марат Кәрімов және Назарбаев Қорының, «СК-Фармация» ЖШС-нің өкілдері сөз сөйледі.
Италия тарапынан Италия Парламентінің депутаты – «Қазақстан-Италия» достық тобының мүшесі Марко Оснато, Қазақстан-Италия Сауда Палатасының президенті Паоло Гирелли және итальяндық компаниялардың қызметкерлері іс-шараға қатысушыларға өз презентацияларын ұсынды.
Бизнес-форумды ашқан Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаев өз сөзінде 30 жыл ішінде Қазақстан экономикасы қарқынды дамып келе жатқан, әлемдік қоғамдастық таныған, қазіргі заманғы демократиялық мемлекетке айналғанын атап өтті.
Сонымен бірге, Елші Қазақстан маңызды стратегиялық серіктестердің бірі ретінде Италиямен қарым-қатынасқа ерекше мән беретініне тоқталып, тәуелсіздік кезеңінде біздің елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың берік архитектурасы құрылғанын айтты.
Бизнес-форумға итальяндық компаниялардың 50-ден басшылары мен өкілдері және онлайн режимде 130-дан астам қатысушы қатысты. Іс-шарада Қазақстанның инвестициялық және туристік мүмкіндіктері мен Қазақстан мен Италия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту перспективалары таныстырылды.
Сондай-ақ, қонақтардың назарына Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған фотокөрме, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев пен Абай Құнанбайұлының кітаптары ұсынылды.