
Рим, 2021 жылғы 3 желтоқсан - Қазақстанның Италиядағы Елшілігі Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай салтанатты қабылдау өткізді.
Іс-шараға Италия Парламентінің депутаттары мен мемлекеттік органдардың, іскер топтардың, шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері мен Италияда тіркелген дипломатиялық миссиялардың басшылары қатысты.
Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Е.Н.Сембаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, Қазақстан Италияны ең маңызды серіктестерінің бірі ретінде қарастырып, онымен қарым-қатынастарға ерекше мән беретінін және осы кезеңде екіжақты ынтымақтастықтың берік архитектурасы қалыптасқанын атап өтті.
Италия Парламенті депутаттар палатасының вице-президенті Э.Розато мен Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары М. Ди Стефано жауап сөз сөйлеп, Қазақстан мен Италияның мемлекетаралық қатынастары тең құқықтық және өзара тиімді әріптестік қағидаттарында құрылатынын және Қазақстан Италияның Орталық Азиядағы негізгі стратегиялық сауда әріптесі болып табылатынын атап өтті.
Кеш барысында Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясының әртістері ұлттық музыкалық шығармаларды орындады. Сондай-ақ, қонақтардың назарына Қазақстанның көркем жерлерінің фотокөрмесі ұсынылды.
Қабылдау мерекелік достық атмосферада өтті.