
Болонья 19 қазан 2021 ж. - Италия Ауыл шаруашылығы машиналарын өндірушілердің ұлттық федерациясының шақыруымен Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаев «EIMA International 2021» халықаралық ауыл шаруашылығы техникасы көрмесінің ашылу салтанатына қатысты.
EIMA International - ауылшаруашылық және бау-бақша техникаларының халықаралық көрмесі 1969 жылдан бастап Италияның Ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің ұлттық федерациясының қолдауымен екі жылда бір рет өткізіледі. Көрмеге әлемнің 50 елінен 1950 жуық экспонент қатысады, олар барлық ықтимал санаттағы компанияларға арналған ауыл шаруашылығы мен бау-бақша жұмыстарының барлық түрлеріне арналған машиналардың, жабдықтардың және құрылғылардың 50 мыңнан астам моделін жұртшылыққа ұсынады.
EIMA International 2021 көрмесіне қатысу барысында Қазақстан Елшісі Е.Сембаев Италияның Ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің ұлттық федерациясының Президенті Алессандро Малаволтимен кездесіп, тараптар итальяндық ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілердің бірінші пулының Қазақстанға сапарын ұйымдастыруға және Қазақстанда Орталық Азия аймағы үшін ұқсас көрмелерді ұйымдастыру мүмкіндігін келісті.
Сондай-ақ, Елші Е.Сембаев «smart» суару жүйелері мен жылыжайлардың әр түріне арналған жабдықтар мен компоненттер шығаратын әлемге әйгілі итальяндық LUCCHINI және Irritec компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер нәтижесінде итальяндық компаниялар Қазақстанда өз өндірісін ұйымдастыруға үлкен қызығушылық білдірді.