
Рим, 20 мамыр 2021 жыл – Қазақстанның Римдегі Елшісі Ерболат Сембаев «Қазақстан және экологиялық сын-қатерлер» тақырыбындағы онлайн-конференцияға қатысты.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстанның Италиядағы Елшісі Ерболат Сембаевтың, Фриули-Венеция-Джулия өңіріндегі Құрметті консул Лука Беллинеллоның, сондай-ақ Триест қаласы университетінің профессоры Игорь Йеленнің, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Шамшагүл Маштаеваның, Клайпеда университетінің профессоры Анжелика Бучиененің, Флоренция университетінің профессоры Федерико Мартелоццоның қатысуымен өтті.
Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Елшісі, еліміздің бірегей географиялық ерекшеліктері туралы айтып берді. Елші сондай-ақ Арал теңізінің құрғап қалуының салдарын азайту және Семей ядролық полигонының қызметі, жаңа экологиялық кодекстің нормалары бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті, сондай-ақ дәстүрлі энергетикалық ресурстардың көптігіне қарамастан, Қазақстан Париж келісімінің мақсаттарын бері ұстанатынын атап өтті.
Конференцияда сарапшылар Қазақстанның экологиялық жағдайының тек ел үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін маңыздылығын атап өтіп, осы саладағы зерттеулерімен бөлісті.
Елші Е.Сембаев өзінің экологиялық-климаттық, әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық салдарлары бойынша өңірдің тұрақты дамуына және өңірде тұратын адамдардың денсаулығына, генофондына және болашағына тікелей қауіп төндіретін Қазақстанның экологиялық сын-қатерлерін зерттеуге итальяндық және халықаралық мамандардың қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Қатысушылар осындай іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп тұруға келісіп, экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету үшін ғылыми қоғамдастық мүшелері арасында тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.