2021 жылғы 26 наурызда, Қостанай қаласында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі А.Маминнің қатысуымен ауыл шарушылығы техникаларын шығаруда әлемдік көшбасшылардың бірі итальяндық SDF group трансұлттық холдингінің Президенті Л.Бусоллати мен Қостанайлық «Агромаш Холдинг KZ» акционерлік қоғамының Президенті А.Лаврентьев екі компания арасындағы келісім-шартқа қол қойды.
Келісім-шартқа сәйкес, Қостанай қаласындағы «Агромаш Холдинг KZ» акционерлік қоғамының жаңадан ашылған локализациялау орталығында әлемге әйгілі «Duetz-Fahr» брендімен ауыл шаруашылығы тракторлары мен комбайндары «Қазақстанда Италиямен бірігіп жасалған» деген атпен құрастырылатын болады. Осылайша, Қазақстандық фермерлер мен шаруа қожалықтары үшін Еуропалық стандарттармен жасалған жоғары сапалы және технологиялық отандық тракторлар мен комбайндарды сатып алуға мүмкіндік ашылады.
Аталған жоба, өткен жылдың басында басталған жаһандық пандемияға байланысты карантиндік шектеулерге қарамастан, Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Елшілігінің тікелей бастамасымен онлайн режимде бірнеше келіссөздер жүргізіліп, тараптар тек келсімге қол қояр кезде ғана жолыққан ерекше жоба.
SDF group итальяндық трансұлттық холдингі әлемдегі алдыңғы қатарлы тракторлар, комбайндар мен дизельдік қозғалтқыштардың өндірушілерінің бірі. SDF group холдингі: Қытайда, Түркияда, Үндістанда, Германия, Франция, Италия және Хорватия елдерінде 8 зауыты және Еуропа мен Азияда 12 еншілес компаниялары, Ресей мен Қытайда 2 бірлескен кәсіпорны және әлем бойынша 3100-ден астам диллерлері бар алпауыт компания. SDF group: SAME (Италия), Lamborghini Trattori (Италия), DEUTZ-FAHR (Германия), Hürlimann (Швейцария) және Grégoire (Франция) сияқты 5 әлемдік брендтерге ие. Сондай-ақ, SDF group әлемдегі ауылшаруашылық техникаларын өндірушілердің ең ірі 5 алпауыттарының бірі, сонымен қатар Италиядағы ең ірі 5 инвестордың бірі болып табылады. SDF штаб-пәтері Италияда, Тревильода, 1942 жылы SAME (Società Accomandita Motori Endotermici) деген атпен құрылған.