Италия Парламенті Депутаттар палатасының Квесторы Эдмондо Чириелли Достық орденімен марапатталды

Италия Парламенті Депутаттар палатасының Квесторы Эдмондо Чириелли Достық орденімен марапатталды

РИМ, 2021 жылғы 13 қаңтар – Қазақстанның Италиядағы Елшілігінде Италия Парламенті Депутаттар палатасының Квесторы және «Қазақстан-Италия» парламенттік достық тобының төрағасы Эдмондо Чириеллиді мемлекеттік награда – II дәрежелі Достық орденімен марапаттау рәсімі өтті.

Награданы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасының Италия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сергей Нұртаев табыс етті. Салтанатты түрде табыстау кезінде Елші айтқандай, «Достық» ордені азаматтарға елдер мен олардың халықтары арасындағы бейбітшілікті, достықты және ынтымақтастықты нығайтудағы ерекше қызметтері үшін беріледі.

Жоғары награданы табыс ете отырып, Елші Эдмондо Чириеллидің достықты нығайтуға және екіжақты парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосып отырғанын атап өтті. Оның тікелей қолдауымен Италия Парламентінде Достық тобы құрылды, оның құрамына екі палаталы итальян парламентінің депутаттары кірді. Парламенттік топ серіктестік құрудың маңызды құралы ретінде қызмет етеді және парламентаралық байланысты нығайтуға көмектеседі. Өзінің қызметі барысында топ жетекшісі біздің елге бірнеше рет келіп, Қазақстанның жоғарғы басшылығымен кездесулер өткізді.

Э.Чириелли тек парламентаралық емес, сондай-ақ экономикалық байланыстардың одан әрі кеңеюіне ықпал ете отырып, өзінің Қазақстанның әрқашан сенімді досы ретінде көре алатындығын баса айтты.