
РИМ, 31 желтоқсан 2020 жыл – Қазақстан Республикасының Италиядағы Елшісі Сергей Нұртаев итальяндық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған алдағы өтетін ҚР Парламенті Мәжілісінің сайлауы бойынша онлайн баспасөз брифингін өткізді.
Брифинг қатысушыларына тәуелсіз Қазақстанның саяси даму тарихы, елімізде жүргізіліп жатқан демократиялық реформалар, сондай-ақ сайлауға дайындық барысы туралы ақпарат берілді.
Журналистерге сайлаудың негізгі кезеңдері, сайлау үдерісі мен Қазақстанның заңнамасы, сайлауға қатысатын партиялар, халықаралық бақылаушылар мен шетелдік баспасөз өкілдерін аккредиттеу туралы өзекті ақпарат ұсынылды.
Елші сайлаудың конституциялық мерзімге сәйкес өтетінін, ал оның заңдылығын, ашықтығын және әділдігін сақтау үшін тұрақты бақылауды Орталық сайлау комиссиясы, Бас прокуратура сондай-ақ, халықаралық байқаушылар жүргізіп отыратынын атап өтті.
Дипломат Қазақстанда саяси реформалардың ауқымды бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып жатқанын, оның маңызды міндеттерінің бірі сайлауды ең жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес өткізу болып табылатынын атап өтті. Осы мақсатта, атап айтқанда, саяси партияларды тіркеу шегі 40-тан 20 мың адамға дейін төмендетілді, заңнамаға саяси партиялардан кандидаттар тізімінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квотаны қамтамасыз ету үшін өзгерістер енгізілді. Жиын бостандығын қамтамасыз ететін заңнама да либералды реформаларға ұшырады.
Брифинг соңында Елші С.Нұртаев журналистердің сайлау процесінің жоғары стандарттарын қамтамасыз ету институттары туралы, сондай-ақ Италиядағы ҚР Елшілігі жанындағы сайлау учаскесінде сайлауды өткізудің нақты рәсімдері туралы сұрақтарға жауап берді.