Манама, 2026 жылғы 6–8 қазан – Қазақстан Республикасының Бахрейн Корольдігіндегі Елшісі қызметін қоса атқарушы Мадияр Меңілбеков жұмыс сапары аясында Корольдіктің ресми тұлғаларымен, іскерлік және мәдени орта өкілдерімен кездесулер өткізіп, екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
Елші «Exhibition World Bahrain» орталығында өткен «Made in GCC 2026» өнеркәсіптік форум-көрмесіне қатысты. Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл-Халифаның қамқорлығымен ұйымдастырылған іс-шараны Король атынан Тақ мұрагері – Премьер-Министр Салман бен Хамад Әл-Халифа ашты. Форум аясында өнеркәсіптік кооперация мен инвестициялық әріптестік мүмкіндіктеріне назар аударылды.
Бахрейн Сыртқы істер министрлігінің Протокол қызметінің басшысы Салах Мұхаммед Шихабпен кездесуде саяси консультациялардың екінші раундына дайындық, сондай-ақ жоғары деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Король Хамад атындағы Жаһандық бейбіт қатар өмір сүру және толеранттылық орталығының атқарушы директоры Мунира Науфал Әл-Досеримен дінаралық және мәдениетаралық диалогты дамыту, екі елдің бейінді институттары арасындағы байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды. Бахрейндік тарап Қазақстанның осы саладағы үлесіне және Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің рөліне оң баға берді.
Елші билеуші әулет мүшесі, Өнер жөніндегі ұлттық кеңестің төрағасы, Бахрейн өнер қоғамының құрметті президенті және «RAK Art Foundation» қорының негізін қалаушы шейх Рашид бен Халифа Әл-Халифамен кездесіп, оның жеке көрмесін тамашалады. Мәдени алмасулар мен өнер мекемелері арасындағы байланыстарды кеңейту перспективалары талқыланды. Сапар қорытындысы бойынша суретшінің Қазақстандағы жеке көрмесін ұйымдастыру мүмкіндігін пысықтау ұсынылды.
Бахрейн Сауда-өнеркәсіп палатасы директорлар кеңесінің мүшесі Абдулуахаб Юсуф Әл-Хауаджбен сауда және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, кәсіпкерлер арасындағы тікелей байланыстарды жандандыру мәселелері қаралды. Қазақстан – Бахрейн Іскерлік кеңесін құру мүмкіндігіне ерекше назар аударылды.
Рияд, 2026 жылғы 5 қазан – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Ханзада Сауд әл-Фейсал атындағы Дипломатиялық зерттеулер институтының Бас директоры доктор Мушабаб бен Айед әл-Кахтанимен кездесті.
Кездесу барысында тараптар дипломатиялық кадрларды даярлау, ғылыми-талдау бағытындағы әріптестік және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар екі мемлекеттің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге көтерудің маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің дипломатиялық институттары арасында жас мамандарға арналған тағылымдамалар мен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруды, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары мен іс-шараларды өткізуді көздейтін екіжақты құжатқа қол қою мүмкіндігін қарастыруға келісті.
Рияд, 2026 жылғы 5 қазан – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков Қазақстан-Сауд Арабиясы Іскерлік кеңесінің тең төрағасы Ахмед Әл-Дахилмен кездесу өткізді.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелерін, сондай-ақ екі елдің іскер топтары арасындағы өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында Іскерлік кеңестің екі елдің бизнес өкілдері арасында тікелей байланыстар орнату, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу және өзара сауда көлемін ұлғайту үшін негізгі алаң ретіндегі қызметінің тиімділігін одан әрі арттыруға ерекше назар аударылды.
Тараптар екіжақты әріптестікті дамыту үшін жоғары әлеует бар екенін атап өтіп, Іскерлік кеңестің қызметін жандандыру жөнінде уағдаласты.
Сонымен қатар, сауд тарапына 2026 жылғы 22 қазанда Шымкент қаласында өтетін «KGIR-2026» Қазақстандық инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысуға шақыру табысталды.
Жидда, 2026 жылғы 4 қазан – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам Ынтымақтастық Ұйымы (ИЫҰ) жанындағы Тұрақты Өкілі Мадияр Меңілбеков Сауд Арабиясы Корольдігінің ИЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Халид әл-Шарифпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Сауд Арабиясы қарым-қатынастарының қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылап, Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы алдағы іс-шараларға қатысты пікір алмасты.
Сондай-ақ, тараптар ИЫҰ аясындағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайту және ортақ мүддеге ие мәселелер бойынша ұстанымдарды үйлестіру мәселелерін талқылады.
Жидда, 2026 жылғы 4 қазан – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі, Қазақстан Республикасының Ислам Ынтымақтастық Ұйымы (ИЫҰ) жанындағы Тұрақты Өкілі Мадияр Меңілбеков Ислам ынтымақтастығы ұйымының жаңа Бас хатшысы Исмаил Ульд Шейх Ахмедпен кездесті.
Кездесу барысында Елші Бас хатшыны аталған лауазымға сайлануымен құттықтап, оған ИЫҰ Бас хатшысы қызметіндегі жұмысына және Ұйымның халықаралық миссиясын жүзеге асыруға табыс тіледі.
Елші ИЫҰ-ның жаңа Бас хатшысы болып сайлануына орай Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді жолдаған құттықтау хатының түпнұсқасын Бас хатшыға табыстады.
Сондай-ақ, тараптар Қазақстан Республикасы мен ИЫҰ Бас хатшылығы арасындағы өзара іс-қимылдың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, сондай-ақ өзара мүдделі бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдарын талқылады. Кездесу барысында ИЫҰ аясындағы өзара іс-қимылды жандандыру, мүше мемлекеттердің ынтымақтастығы мен бірлігін нығайту, сондай-ақ Ұйым аясында Қазақстанның халықаралық бастамаларын ілгерілету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Тараптар Қазақстан мен Ұйым арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға және ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілік білдірді.
Рияд, 2026 жылғы 17 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков Корольдіктің Азаматтық авиация бас басқармасының президенті Әбделазиз Әл-Дуайлежбен келіссөздер жүргізді.
Кездесу барысында тараптар 2026 жылғы 26 тамызда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасындағы Әуе қатынасы туралы келісімді практикалық іске асыру мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, екі ел арасындағы тікелей әуе қатынасын кеңейтуге, жаңа бағыттарды ашуға, сондай-ақ жолаушылар және жүк әуе тасымалдарының көлемін ұлғайтуға ерекше назар аударылды.
Тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді іске асыру мақсатында қос мемлекеттің авиация саласындағы уәкілетті органдары мен әуе тасымалдаушылары арасындағы үйлестіруді одан әрі күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы әуе қатынасын одан әрі кеңейту мәселелері бойынша жұмыс байланыстарын жалғастыру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Рияд, 2026 жылғы 10 қыркүйек – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Корольдіктің Білім министрі Юсеф бен Абдалла әл-Банианмен екіжақты келіссөздер өткізді.
Кездесу барысында тараптар екі мемлекет арасындағы достық қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму келешегін, сондай-ақ білім мен ғылым саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту және ілгерілету мәселелерін талқылады.
Әсіресе екі елдің жетекші университеттері арасында білім гранттарын бөлу, академиялық ұтқырлықты жолға қою және оқытушылар мен студенттер алмасуды ұйымдастыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар жоғары білім саласында өзара ресми сапарлар ұйымдастыру мен жоғары деңгейдегі кездесулер өткізу кестесі қаралды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екіжақты серіктестікті жан-жақты нығайту бағытындағы белсенді бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін растады.
Рияд, 2026 жылғы 7 қыркүйек – Риядта Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі Мадияр Менйлбековтің САК Сыртқы істер министрінің орынбасары Абдуррахман әл-Рассимен кездесуі өтті.
Әңгімелесу барысында екі елдің халықаралық ұйымдары, ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) және Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) аясындағы, сондай-ақ алдағы көпжақты іс-шаралар шеңберіндегі өзара іс-қимылын одан әрі дамыту перспективалары талқыланды. Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, соның ішінде су саласындағы ынтымақтастық жөнінде пікір алмасты.
Кездесу екіжақты диалогты нығайту жолындағы кезекті қадам болып, өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.
Рияд, 2026 жылғы 8 қыркүйек – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков «Expo 2030 Riyadh Company» Бас атқарушы директоры Талал Әл-Марримен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында Қазақстанның «Expo 2030 Riyadh» халықаралық көрмесіне қатысуына қатысты негізгі ұйымдастырушылық мәселелер, сондай-ақ қазақ пен сауд тараптары арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету жөніндегі алдағы қадамдар талқыланды.
М.Меңілбеков Қазақстанның іс-шараға белсенді әрі мазмұнды қатысуға мүдделі екенін, сондай-ақ көрменің мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, озық тәжірибемен алмасу, инновациялық шешімдер мен технологияларды ілгерілету үшін маңызды халықаралық алаң ретіндегі маңызын атап өтті.
Өз кезегінде, Талал Әл-Марри Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдіріп, көрмеге дайындықтың барлық кезеңдерінде қазақ тарапына қажетті қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар ұйымдастырушылық және практикалық мәселелер бойынша жұмыс байланыстарын жалғастыруға келісті.
Рияд, 2026 жылғы 7-9 қыркүйек – Сауд Арабиясы Корольдігінің Король Әбделазиз атындағы зерттеу және архив қорының (Darah) ресми шақыруымен Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві басшылығының Рияд қаласына жұмыс сапары өтті.
Сапар барысында ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова мен Король Әбделазиз атындағы қордың бас атқарушы директоры Турки бен Мұхаммед Әлшуайер екіжақты келіссөздер жүргізді.
Кездесуде тараптар екі елдің архив саласындағы өзара ықпалдастығын тереңдету, тарихи құжаттарды бірлесе зерттеу, ғылыми-ақпараттық алмасуды жандандыру және архив ісіне озық цифрлық технологияларды енгізу бойынша тәжірибе алмасу мәселелерін жан-жақты талқылады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екіжақты Атқарушы бағдарламаға салтанатты түрде қол қойды. Аталған құжат 2025 жылғы 22 мамырда бекітілген өзара ынтымақтастық туралы меморандумның ережелерін нақты іс-қимылдармен жүзеге асыруға бағытталған практикалық қадамдарды көздейді.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация үшін ауқымды танымдық және мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Сапар аясында делегация өкілдері Сауд Арабиясының Ұлттық музейіне, Король Салман атындағы тарихи материалдарды сақтау және қалпына келтіру (реставрациялау) орталығына, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген тарихи Дирия қалашығына, Король Әбделазиз атындағы қоғамдық кітапханаға, Король Фахд атындағы ұлттық кітапханаға және Король Фейсал атындағы зерттеу және исламтану орталығына барып, аталған мекемелердің тыныс-тіршілігімен және бай қорларымен танысты.
Тараптар бұл сапар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтып, ортақ тарих пен мұраны зерттеуде тың серпін беретініне сенім білдірді.