
2020 ж. 15 қыркүйекте Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Риядтағы Зерттеу және мәдениетаралық білім орталығында болып, орталықтың жетекшісі доктор Яхья Махмуд бен Джунайдпен кездесті.
Кездесу барысында доктор Яхья Махмуд бен Джунайд Зерттеу және мәдениетаралық білім орталығының қызметі туралы айтып, қазақстандық осындай орталықтар және университеттермен ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді, сондай-ақ түрлі салалар мен әлемнің аймақтары бойынша мамандандырылған Орталықтың жетекші сарапшылармен таныстырды. Бұған қоса, қазақстандық дипломатқа аталған орталық дайындаған бірқатар ғылыми жобалар көрсетілді.
Өз кезегінде, Елші Б.Арын Қазақстандағы «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен таныстырып, сондай-ақ біздің еліміз биылғы жылы философ-ғалым Әбу Насер әл-Фарабидің 1150 жылдығы және ұлы Абайдың 175 жылдығына арнап өткізіп жатқан мерейтойлық іс-шаралар туралы жан-жақты айтып берді.
Осы ретте тараптар саудтық Зерттеу және мәдениетаралық білім орталығы мен қазақстандық ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты орнатудың жолдарын талқылады. Сондай-ақ жақын болашақта Орталық алаңында түрлі семинарлар, дөңгелек үстелдер және т.б. бірлескен іс-шаралар мен жоғарыда аталған қазақ қайраткерлерінің өмірі мен мұрасына арналған семинарларды бірлесіп өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.
Зерттеу және мәдениетаралық білім орталығы (Center for research & Intercommunication Knowledge) 2016 жылдың қаңтарында Риядта құрылған. Орталық саясат, халықаралық қатынастар мен мәдениет саласындағы зерттеулерге талдаулар және болжамдар жасауда мамандандырылған. Сондай-ақ басылымдар шығарумен және шетелдік ақыл-ой орталықтарымен бірлескен бағдарламалар, конференциялар, көрмелер ұйымдастыру және білімдерімен алмасумен айналысады.