
Жидда, 2025 жылғы 27 ақпан – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков ҚР Бас консулдығының дипломаттарымен бірге Король Абдалла атындағы ғылым және технология университетінің (KAUST) Президенті сэр Эдвард Бирнмен, сондай-ақ осы оқу орнында білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесті.
Кездесу барысында ғылым және білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері, оның ішінде қазақстандық студенттер мен оқытушылар үшін академиялық алмасу және тағылымдамалар ұйымдастыру мүмкіндіктері талқыланды. Елші Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінің дамуына тоқталып, мемлекет басшылығының білім сапасын арттыру мен оның қолжетімділігін кеңейтуге басымдық беретінін атап өтті.
KAUST Президенті мен университет басшылығы қазақстандық делегацияны оқу орнының инновациялық оқыту әдістері және ғылыми зерттеулердегі жетістіктерімен таныстырды. KAUST-тың әлемдегі жетекші ғылыми орталықтармен белсенді ынтымақтастық орнататыны және заманауи зерттеу инфрақұрылымына ие екені атап өтілді.
Кездесу соңында тараптар KAUST пен Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мүмкіндігін қоса алғанда, одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Сонымен қатар, дипломаттар KAUST-та әртүрлі ғылыми бағыттар бойынша білім алып жатқан қазақстандық студенттермен кездесіп, олардың оқу және тұрмыс жағдайларын талқылап, Қазақстан Елшілігі мен Бас консулдығы тарапынан қажетті қолдау мәселелерін қарастырды. Елші студенттерді оқу орнында белсенділік танытуға, мәдени іс-шаралар ұйымдастыруға және қазақстандық студенттік қоғамдастықты нығайтуға шақырды.