
Ар-Рияд, 2025 жылғы 13 ақпан – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков САК Сыртқы сауда бас басқармасы губернаторының міндетін атқарушы Мұхаммед әл-Абдулжабармен кездесті.
Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты жандандыру мәселелері талқыланды.
Елші М.Меңілбеков Қазақстанның қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы айтып берді. Атап айтқанда, ол отандық және шетелдік кәсіпкерлер үшін қолайлы бизнес-ахуал жасау бойынша Үкімет қабылдап жатқан шаралармен таныстырып, саудтық кәсіпкерлерді өзара тауар айналымының көлемін арттыру және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жұмысқа белсенді қатысуға шақырды.
Өз тарапынан, М.Әл-Абдулжабар Сауд Арабиясы үшін Қазақстан маңызды әріптес екенін атап өтіп, қазақ тарапының екіжақты ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі ұсыныстарына толық қолдау көрсетті, сондай-ақ ҚР мен Корольдіктің бизнес-топтары арасындағы жаңа байланыстарды орнату және кеңейту үшін барлық қажетті күш-жігерді жұмсайтынын қуаттады.
Кездесу нәтижесінде сұхбаттасушылар жаңадан құрылған Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыру бойынша практикалық қадамдарға кірісуге, B2B кездесулер түрінде бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруға, логистикалық мәселелердің шешімін бірлесіп қарастыруға, екі елде өндірілетін тауарлар номенклатурасымен алмасуға және т. б. келісті.
2019 жылы САК Министрлер Кеңесінің қаулысымен құрылған Сыртқы сауда бас басқармасы (GAFT) қаржылық және әкімшілік жағынан тәуелсіз мемлекеттік ұйым болып табылады және сыртқы сауда саласында кең өкілеттіктерге ие. Өз қызметі шеңберінде GAFT Корольдіктің сыртқы сауда саясаты мен стратегиясын әзірлейді, мемлекеттік және жеке сектордың қызметін үйлестіреді, аймақтық және халықаралық сауда ұйымдары мен форумдардағы мемлекеттің мүдделерін қорғайды.