
Ар-Рияд, 2025 жылғы 14-16 қаңтар аралығы – ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев бастаған Қазақстан делегациясы Сауд Арабиясында өтіп жатқан Future Minerals форумына қатысты.
Қанат Шарлапаев жыл сайынғы министрлердің дөңгелек үстелінде сөз сөйлеп, еліміздің маңызды пайдалы қазбаларды жеткізудің жаһандық тізбегінің тұрақтылығына елеулі үлес қосуға ұмтылатынын атап өтті. Ол литий-ионды аккумуляторлық катодтардың маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын жоғары таза марганец сульфаты моногидратының өндірісін бастау туралы айтты. «2026 жылға қарай біз литий-ионды аккумуляторлар үшін маңызды құрамдас болып табылатын сферондалған графитке өңделетін графит кенін өндіруді жоспарлап отырмыз», – қосып айтты Қанат Шарлапаев.
Сонымен қатар, Ар-Риядқа жұмыс сапары аясында Қазақстан делегациясы «Future Minerals» форумының негізгі іс-шаралары – панельдік сессиялар мен көрмені аралап көріп, бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Қанат Шарлапаев «Біз ұлттық мемлекеттерді пайдалы қазбаларды қажетті көлемде жеткізу үшін бірлесіп жұмыс істеуге қалай тарта аламыз?» тақырыбындағы панельдік сессияға қатысты. Сессияның модераторы «CNN Abu Dhabi & Anchor», «CNN International» басқарушы редакторы Бекки Андерсон болды, сондай-ақ спикерлер ретінде Ұлыбританияның Өнеркәсіп министрі Сара Джонс, Малайзияның Табиғи ресурстар және қоршаған ортаның тұрақтылығы министрі Ник Назми Ник Ахмад, Пәкістанның Энергетика және мұнай министрі Мусалик Малик пен Финляндияның Экономика министрі Вилле Рюдман болды.
Бұдан бөлек, Сауд Арабиясының жетекші компанияларымен, мемлекеттік органдарының өкілдерімен Қазақстан мен Сауд Арабиясының Іскерлік кеңесінің өкілдері қатысқан негізгі кездесулер Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшілігінің көмегімен өтті.
Осылайша, Қазақстан делегациясының Сауд Арабиясының Инвестиция министрі Халид Аль-Фалихпен, АҚШ Мемлекеттік хатшысының энергетикалық дипломатия жөніндегі көмекшісінің АҚШ энергетикалық ресурстар бюросының орынбасары Кимберли Харрингтонмен, АҚШ Мемлекеттік департаменттің Жаһандық инфрақұрылым және инвестициялық серіктестік жөніндегі арнайы үйлестірушісінің м.а. Хелайна Маццамен, сондай-ақ «Acwa Power» төрағасының орынбасары Раад Аль-Саадимен, «Ivanhoe Electric» компаниясының бас директоры Тейлор Мелвинмен, «BHP» коммерциялық директоры Рагнар Уддпен және компанияның корпоративтік мәселелер жөніндегі жаһандық вице-президенті Ник Паркпен, «CityBank» басқарушы директоры, металдар және тау-кен ісі жөніндегі жаһандық басшысы Уильям Хасбендпен, «Xcalibur» бас директоры Андрес Бланкомен, «Vision Blue» бас директоры Мик Дэвиспен, «Hatch» бас директоры Джон Бьянкинимен және т.б. бірқатар кездесулері ұйымдастырылды. Бұл кездесулер екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және әртүрлі салалардағы перспективалы жобаларды талқылауға ықпал етті.
Министр сондай-ақ сұхбатасушыларға Қазақстанның динамикалық және инновациялық имиджін ілгерілетуге, инвестициялар тартуға және халықаралық серіктестікті дамытуға бағытталған «Born Bold» бастамасын таныстырды.
Кездесулерге сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ-ның Басқарушы директоры Азамат Қожанов, ҚР-САК Іскерлік кеңісінің тең төрағасы Қанат Құдайберген және т. б. қатысты.