
Ар-Рияд, 2025 жылғы 7 қаңтар – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Саудия Сұңқарлар клубы (The Saudi Falcons Club) мекемесінің Атқарушы директорының орынбасары Ахмад бен Фахд әл-Хабабимен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы мәдени және спорттық ынтымақтастықты нығайту, атап айтқанда сұңқарлар мен құсбегілік саласындағы тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.
Ахмад әл-Хабаби мекеменің атқарып жатқан қызметі туралы ақпарат беріп, сұңқарлардың түрлерін сақтап қалу мақсатында «Hadad» атты бағдарлама қабылданғанын баяндады.
Өз кезегінде, қазақ дипломаты Саудияның құсбегілік мәдениетіне жоғары баға беріп, екі ел арасындағы мәдени байланыстарды тереңдету үшін ортақ жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға дайын екендігін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара сапарлармен алмасып, осы саланы дамыту бойынша нақты қадамдар жасауға уағдаласты.