
Ар-Рияд, 2025 жылғы 5 қаңтар – Елші М.Меңілбеков Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясының Бас хатшысы Абдалла әл-Уашмимен кездесті.
Елші М.Меңілбеков қазақстандық студенттерге арналған тілдік тағылымдамаларды ұйымдастырғаны үшін Академияға зор алғысын білдіріп, Қазақстандағы шығыстанудың, оның ішінде арабистиканың қалыптасу және даму тарихы туралы қысқаша баяндап берді.
М.Меңілбеков қазақстандық жоғары оқу орындарының Сауд Арабиясының оқу орындарымен, атап айтқанда араб тілі бойынша Академиямен ынтымақтастық орнатуға қызығушылығын растады.
Бас хатшы А. Әл-Уашми Академияның қызметі туралы, сондай-ақ әртүрлі шетелдік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы айтып, қазақстандық студенттер мен оқытушылар үшін тілдік тағылымдамалар өткізуге дайындығын білдірді.
Кездесу барысында Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында араб тілін оқу саласындағы ынтымақтастықты дамытудың бірқатар мәселелері, атап айтқанда қазақстандық студенттер мен оқытушылар үшін тілдік тағылымдамалар ұйымдастыру, түрлі сөздіктер мен араб тілін оқу құралдарын бірлесіп дайындау, сондай-ақ Қазақстан мен Сауд Арабиясы жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтары арасында араб тілін меңгеру және оқыту саласында бірлескен зерттеу жұмыстарын жүргізу мәселелері талқыланды.
Дипломатиялық және саяси терминдердің араб-қазақ-ағылшын онлайн сөздігін бірлесіп әзірлеу бойынша ынтымақтастық жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сондай-ақ, Король Салман атындағы халықаралық араб тілі академиясында тілдік тағылымдамадан өтіп жатқан қазақстандық студенттермен жеке кездесу өткізілді.