
Ар-Рияд, 2024 жылғы 29 желтоқсан – Қазақстан Елшісі Мадияр Меңілбеков Сауд Арабиясының Ішкі істер министрі Ханзада Әбделазиз бен Сауд бен Наеф Әл Саудпен кездесті.
Кездесу барысында құқық қорғау саласындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, сондай-ақ оны одан әрі дамыту мүмкіндіктері талқыланды.
Елші М.Меңілбеков Қазақстанда жүргізіліп жатқан кешенді реформалар туралы баяндап, оның ішінде азаматтардың мүдделерін қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік меншік пен активтерді қайтару және т. б. саласындағы мемлекеттік шаралармен жалпылай таныстырды.
Өз тарапынан Ханзада Әбделазиз бен Сауд бен Наеф Әл Сауд Қазақ-Сауд қатынастарының оң динамикасын атап өтіп, екі елдің қолда бар мүмкіндіктерін зерделеу, сондай-ақ нақты ұсыныстар әзірлеу арқылы жан-жақты ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сотталған адамдарды беру және азаматтарды экстрадициялау жөніндегі елдер арасында қол қойылған келісімдер шеңберінде неғұрлым тығыз байланыс орнатуға келісті.