
Жидда, 2024 жылғы 26 қазан – Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі - Қазақстан Республикасының Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) жанындағы Тұрақты өкілі Мадияр Меңілбеков Жидда қаласындағы ИЫҰ штаб-пәтерінде өткен Сахел аймағы мен Чад көлі бассейніндегі босқындар мен қоныс аударғандарға қолдау көрсету жөніндегі халықаралық донорлар конференциясына қатысты. Конференция Нуакшот қаласында (Мавритания Ислам Республикасы) өткен ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 49-шы сессиясында қабылданған №4/49-ICHAD қарарына сәйкес өткізілді.
Іс-шара ИЫҰ, Король Салман атындағы гуманитарлық көмек көрсету орталығы, БҰҰ Гуманитарлық мәселелерді үйлестіру басқармасы (БҰҰ ГМҮБ) және БҰҰ Босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасымен (БҰҰ БЖКБ) бірлесіп ұйымдастырылды.
Конференцияға БҰҰ тиісті құрылымдарының өкілдері, Еуропалық Одақ, Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасы, сондай-ақ Сахель аймағы мен Чад көлі бассейніндегі елдердің (Нигерия Республикасы, Нигер Республикасы, Мавритания Ислам Республикасы, Чад Республикасы, Камерун Республикасы, Буркина-Фасо Республикасы және Мали Республикасы) министрлері қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты әлемнің дамыған мемлекеттері, ірі қаржы институттары мен халықаралық ұйымдарды Сахел аймағы мен Чад көлі бассейніндегі ауыр гуманитарлық жағдайға назар аударып, аймақ елдеріне шұғыл донорлық көмек көрсетуге шақыру болды. Бұл аймақта 35 миллионнан астам адам тұрады және олардың шамамен 13 миллионы қоныс аударғандар мен босқындар болып саналады.
Іс-шараның қорытындысында Сахел аймағы мен Чад көлі бассейніндегі босқындар мен қоныс аударғандарға қолдау көрсету жөніндегі донорлар конференциясы 1,1 млрд. АҚШ долларын жинағаны туралы жарияланды.
Анықтама: Сауд Арабиясы Корольдігі әлемдегі ең ірі гуманитарлық көмек доноры болып табылады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Корольдік 1 млрд. 239 млн. АҚШ долларын гуманитарлық көмек көрсету мен даму мақсаттарына бағыттаған. Соңғы елу жылда Корольдік 170-тен астам елге 130 млрд. АҚШ долларынан астам гуманитарлық көмек көрсеткен.
Конференция шеңберінде Король Салман атындағы гуманитарлық көмек көрсету орталығы (KSrelief) БҰҰ Бүкіләлемдік азық-түлік бағдарламасымен (БАП) Йемендегі ең осал топтарға 25 млн. АҚШ доллары көлемінде азық-түлік көмегін көрсету туралы ынтымақтастық келісіміне қол қойды.