
Ар-Рияд, 2024 жылғы 20 қазан – Қазақстан Елшісі Мадияр Меңілбеков Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы Шейх Мұхаммед Абдулкарим әл-Иссамен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ДИЛ арасындағы, оның ішінде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі шеңберіндегі ынтымақтастықтың негізгі аспектілерін талқылап, халықаралық деңгейде дінаралық және өркениетаралық диалогты ілгерілетуге қатысты пікір алмасты.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат ДИЛ басшысын Қазақстанда болып жатқан маңызды оқиғалар туралы, оның ішінде Астанада өткен Жас діни көшбасшылар форумының қорытындылары туралы хабардар етті.
Өз кезегінде М.әл-Иса әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің қызметін толық қолдайтынын растады және діндер арасындағы өзара құрмет пен өзара түсіністікті нығайту, әлемде келісім мен үйлесімділікке қол жеткізу мақсатында ынтымақтастықты тереңдетуге және оның Хатшылығымен бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жақын арада екіжақты күн тәртібін іс жүзінде толтыру мақсатында әртүрлі деңгейдегі сапарлармен алмасуға келісті.