Ар-Риядта Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті

Ар-Риядта Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті

Ар-Рияд, 2024 жылғы 7 қазан – «Gulf» зерттеу орталығында Қазақстан Республикасы мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнатылуының 30 жыл толуына арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанның Сауд Арабиясындағы елшілері, сондай-ақ саудтық зерттеу орталықтарының басшылары, жетекші сарапшылар, академиялық және іскер топтар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Қазақстан Елшісі Мадияр Меңілбеков екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың 30 жыл ішіндегі негізгі жетістіктері туралы айтып берді.  Елші екіжақты қатынастарды одан әрі дамыту үшін берік негіз болып табылатын екі халық арасындағы терең тарихи және рухани байланыстарын, мәдениеттердің жақындығын ерекше атап өтті.

Инвестициялық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды, атап айтқанда, саудтық «ACWA Power» компаниясы Қазақстанда құны 1,8 млрд АҚШ болатын қуаттылығы 1 ГВт жел электр станциясын салуды жоспарлап отырғандығын жеткізді.

«Gulf» зерттеу орталығының төрағасы Әбділәзиз Сақр табиғи ресурстардың бай қорлары, ауыл шаруашылығы саласындағы үлкен әлеуеті және адами капиталы жоғары, Орталық Азия өңірінің көшбасшысы ретінде қарастырылатын Қазақстанмен Корольдіктің жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға зор мән беретінін атап өтті.

Іс-шара қонақтары Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы екіжақты қатынастардың динамикасына жоғары баға берді, сондай-ақ Қазақстан-Сауд ынтымақтастығының жаңа бағыттарын ұсынды.

Атап айтқанда, САК СІМ жанындағы дипломатиялық институттың Азия департаментінің басшысы Әли әл-Карни қазақстандық тыңдаушыларды осы институтта оқытуға орын бөлуге дайын екенін білдірді.

Әзербайжан, Қырғызстан және Тәжікстанның САК-тағы елшілері де баяндама жасап, Орталық Азия-Шығанақ елдері диалог алаңы шеңберіндегі өңіраралық ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.