
Ар-Рияд, 2024 жылғы 7 қазан – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков «ACWA Power» компаниясының директорлар Кеңесінің Төрағасы Мұхаммед Абунайянмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан-Сауд ынтымақтастығын одан әрі кеңейту жолдарын, оның ішінде жаңартылатын энергия саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.
Елші М.Меңілбеков Қазақстанның энергетикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері, сондай-ақ ел экономикасына шетелдік капиталды ынталандыру және тарту бойынша қабылданып жатқан Үкімет шаралары туралы баяндап берді.
Өз тарапынан «ACWA Power» Басшысы М.Абунайян Сауд Арабиясы үшін Қазақстан маңызды әріптес екенін атап өттіп, қазақ тарапының энергетика және басқа да салалардағы ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі ұсыныстарын қолдайтындығын және бұл жалпы екі елдің инвестициялық өзара іс-қимылына оң ықпал ететіндігін жеткізді.
2024 жылғы наурызда Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасында Acwa Power жобасы бойынша қуаты 1 ГВт жел электр станцияларын салу жөніндегі үкіметаралық келісімге қол қойылған болатын. Жобаның бастапқы инвестициялар сомасы 1,8 млрд. долл. құрайды.
«ACWA power» компаниясы электр станцияларды салу, теңіз суын тұщыландыру, жасыл сутекті өндіретін қондырғыларды орнату және техникалық бақылау саласындағы жетекші саудтық инвестициялық мекеме болып табылады. Оның өнімдері бүкіл әлемге танымал, қазіргі уақытта компания 12 елде, соның ішінде Таяу Шығыс, Солтүстік және Оңтүстік Африка, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия аймақтарында жұмыс істейді
«ACWA Power» теңіз суын тұщыландырумен айналысатын әлемдегі ең үлкен және озық технологиялы компаниялардың бірі ретінде танымал (44,4 Гвт электр қуатын өндіреді және тәулігіне 6,8 млн. м3 теңіз суын тұщыландырады).