Сауд Арабиясының ең ірі қаржы холдингі Tadawul компаниясымен ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды

Сауд Арабиясының ең ірі қаржы холдингі Tadawul компаниясымен ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды

Ар-Рияд, 2024 жылғы 26 қыркүйек – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков "Saudi Tadawul Group" компаниясының Бас директоры Халид әл-Хусейнмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Tadawul арасындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселелерін, оның ішінде шетелдік капиталды тарту және қазақстандық қаржы институттарымен тығыз қарым-қатынас орнату мүмкіндіктерін талқылады.

Елші М.Меңілбеков Қазақстанның инвестициялық әлеуеті мен әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы, сондай-ақ Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) негізгі қызметі жайлы баяндап берді. Өз сөзінде ол қазақстандық қаржы институттары мен жеке сектор өкілдері Таяу Шығыстағы ең ірі сауда биржасы "Saudi Tadawul Group" холдингісімен өзара байланыс орнатуға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

Сонымен қатар, қазақ дипломаты әңгіме барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділ Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм" Жолдауының негізгі аспектілерімен таныстырды.

Өз кезегінде Х.Әл-Хусейн ақпарат алмасу және өңірдегі ірі капитал нарығына қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанмен және халықаралық әріптестермен жан-жақты ынтымақтастыққа дайын екенін қуаттады.

Saudi Tadawul Group компаниясының құрамына бүгінде Сауд қор биржасы - Saudi Exchange, бағалы қағаздар клирингтік орталығы - Muqassa, Edaa бағалы қағаздар депозитарлық орталығы және Wamid тобының инновациялық бөлімшесі кіреді. Tadawul компаниясы Сауд Арабиясында дамып келе жатқан нарықтың көшбасшысы ретінде мемлекеттің инфрақұрылымын дамытып қана қоймай, инвестициялар мен технологияларды тартуға едәуір күш-жігер жұмсауда.