
Жидда, 2024 жылғы 17 қыркүйек – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі – Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі Мадияр Меңілбеков Ислам даму банкі (ИДБ) Операциялар жөніндегі Вице-президентінің міндетін атқарушы және Елдік бағдарламалар жөніндегі Бас директоры Анасс Айссамимен кездесті.
Тараптар ИДБ Президенті Мухаммад Әл-Джассердің Қазақстанға жақында жасаған сапарының және Араб үйлестіру тобының отырысына қатысуының қорытындыларын талқылады.
ИДБ Вице-президенті отырыс қорытындыларын жоғары бағалап, ИДБ басшысының Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуін ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
А.Айссами ИДБ тобы Араб үйлестіру тобының мүшелерімен бірге Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық орнатып, елімізде 7 млрд АҚШ долларына бағаланған негізгі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін атап өтті. Бұл жобалар Қазақстан экономикасының маңызды салаларын, оның ішінде энергетика мен су ресурстарын дамытуға бағытталған.
Елші М.Меңілбеков Қазақстандағы жобалардың дамуына белсенді қатысқаны үшін ИДБ-ға алғыс білдіріп, ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Ол, әсіресе, Банкпен жасалған Стратегиялық негіздемелік келісімнің жүзеге асырылуын ерекше атап өтіп, ірі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін қосымша қаржылық қолдау көрсету жағдайлары қарастырылатынын айтты.
Өз кезегінде А.Айссами Қазақстанның аймақтық дамуға қосқан үлесін жоғары бағалап, Ислам даму банкінің Қазақстанның экономикасын әртараптандыру және елдің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған стратегиялық маңызды жобаларды іске асыруға қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін растады.