
Жидда, 2024 жылғы 16 қыркүйек — Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі М.Меңілбеков пен Қазақстанның Жидда қаласындағы Бас консулы Р.Қоспанов ұлттық әуе тасымалдаушы «Air Astana» және олардың өңірлік серіктесі, саудтық туристік оператор «Аль-Ахрам» ұйымдастырған салтанатты іс-шараға қатысты.
Іс-шараға сондай-ақ, компанияның Шығанақ елдері және Сауд Арабиясы бойынша Өңірлік бас менеджері Ғ.Базилбаев, Jeddah Airports Company (JEDCO) басшылығы, Корольдікте аккредиттелген дипломатиялық корпус, Сауд Арабиясы Сыртқы істер министрлігі, саудтық туристік компаниялар мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Казақстандық әуе тасымалдаушының операциялық қызметімен таныстыру барысында Ғ.Базилбаев Қазақстан Елшілігі мен Бас консулдығының қолдауы және жергілікті мемлекеттік органдармен үйлесімді жұмысының арқасында биылғы жылдың соңынан бастап «Air Astana» компаниясының рейстері Жиддадағы Король Абдельазиз атындағы халықаралық әуежайының (JED) жаңа және заманауи бірінші терминалында қабылданатынын атап өтті.
Сонымен қатар, алдағы айларда Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы жолаушыларға ыңғайлы және қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған Алматы-Медина бағыты бойынша қосымша рейстер, сондай-ақ Шымкент-Жидда және Шымкент-Медина бағыты бойынша жаңа рейстер іске қосылады деп күтілуде.
Компания өкілі Air Astana компаниясының халықаралық нарықтарда өз позицияларын нығайтуға ұмтылысын айқындайтын қызметін одан әрі кеңейту, оның ішінде жаңа бағыттарды дамыту және жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсарту туралы жоспарымен бөлісті.
Іс-шараға қатысушылар компанияның жолаушыларға жоғары деңгейдегі жайлылық пен қауіпсіздікті көрсететін өнімдерімен және қызметтерімен танысты.
Air Astana компаниясы маршруттар желісін белсенді түрде кеңейтіп, жолаушыларға ыңғайлы және қауіпсіз саяхаттаудың жаңа мүмкіндіктерін ұсынуды жалғастыруда.