
Ар-Рияд, 2024 жылғы 8 қыркүйек – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Сауд Арабиясының Метрология, стандарттар және сапа ұйымының (SASO) Губернаторы Саад Әл-Кассабимен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы стандарттау және метрология саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жолдарын, оның ішінде халал өніміне сертификат алу және отандық экспортты ұлғайту мүмкіндіктерін талқылады.
Елші М.Меңілбеков Қазақстанның сауда-экономикалық әлеуеті туралы, сондай-ақ Үкіметтің елдің экспорттық қуатын ынталандыру және ұлғайту бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы баяндап, халал өнімдерін экспорттайтын қазақстандық өндірушілер Сауд Арабиясына ғана емес, араб шығанағының барлық елдеріне жеткізілетін өнімдерінің көлемін ұлғайтуға дайын екенін атап өтті.
Сонымен қатар, қазақ дипломаты еліміздегі саяси және экономикалық процестерді нығайтуға бағытталған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі аспектілерімен таныстырды.
Өз тарапынан Саад Әл-Кассаби Қазақстан-Сауд қатынастарының оң динамикасын атап өтіп, екі елдің қолда бар мүмкіндіктерін зерделеу, сондай-ақ нақты ұсыныстар әзірлеу арқылы жан-жақты ынтымақтастық орнатуға дайын екендігін қуаттады.
Сауд Арабиясының Метрология, стандарттар және сапа ұйымы (SASO) - Үкіметпен, өнеркәсіппен және қоғаммен өзара әрекеттесу арқылы стандарттау қызметін үйлестіретін және Корольдіктің стандарттарын әзірлеуге ықпал ететін мемлекеттік орган болып табылады. SASO шикізат пен өнімнің сапасын бақылау үшін қажетті шараларды қамтамасыз етеді және заңнама негізінде өнімнің сапасын анықтауға бағытталған процедураларды белгілейді. Сондай-ақ, Ұйым стандарттарға, метрологияға және сапаға қатысты атқарушы міндеттерді, оның ішінде тауарлар, өнімдер мен қызметтер стандарттарын белгілеу, өлшеу, сәйкестікті бағалау және сертификаттау процедураларын басқарады.