Қазақстанның Елшісі Берік Арын әйгілі саудтық бизнесмен, ханзада Әл-Уалид бен Талалмен кездесті

Қазақстанның Елшісі Берік Арын әйгілі саудтық бизнесмен, ханзада Әл-Уалид бен Талалмен кездесті

2020 жылғы 28 шілдеде Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Kingdom Holding Company Төрағасы, Әл Саудтар әулетінің мүшесі, ханзада Әл-Уалид бен Талалмен кездесті. Ханзада Әл-Уалид әлемдегі ең бай адамдардың бірі ғана емес, сондай-ақ ол бүкіл әлемде кедейлікті жоюға, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға миллиондаған қаржысын қайтарымсыз бөліп отырған атақты филантроп.

Кездесу барысында экономикалық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың түрлі бағыттары және ханзада Әл-Уалид бен Талалдың Қазақстандағы инвестициялық және әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға қатысу мүмкіндігі талқыланды. Осы орайда, қазақстандық дипломат ханзадаға еліміздің қазіргі ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы, қалыптасқан қолайлы инвестициялық ахуалы, денсаулық сақтау, туризм, қонақ үй бизнесі, мұнайхимия өндірі және т.б. маңызды салаларда жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Сұхбаттың тағы бір тақырыбы Қазақстан мен ханзада Әл-Уалид бин Талал басқаратын «Alwaleed Philanthropies» қайырымдылық қоры арасында өзара ынтымақтастық мен тәжірибе алмасуды орнату мәселесі болды.

Сонымен қатар, тараптар әлемде коронавирус індетінің таралуы салдарынан орын алған тұрақсыз жағдай төңірегінде пікір алмасты. Бұл тұрғыда, Елші COVID-19 пандемиясының елімізде таралуына қарсы тұру үшін ҚР Үкіметінің қабылдап жатқан шаралары туралы айтып берді.

Ханзада Әл-Уалид бен Талал 2008 жылы Қазақстанда сапармен болғандығын және оның барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен кездескендігін жылы сезіммен есіне алды. Саудтық бизнесмен Қазақстанның жаңа астанасының даму қарқыны үлкен әсер қалдырғанын атап өтіп, жаһандық пандемия аяқталғаннан кейін біздің елге тағы да сапармен келуге ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ еліміздің басшылығына өзінің сәлемін жолдай отырып, ол Қазақстан халқына амандық және одан әрі өркендеу тіледі.

Ханзада Әл-Уалид бен Талал 2017 жылы Forbes журналына сәйкес әлемдегі ең бай адамдардың 7-ші орнын иеленген, ал ол басқарып отырған Kingdom Holding өз қызметінде авиация, қаржылық қызметтер, жылжымайтын мүлік, туризм, БАҚ, мұнай химия өндірісі, денсаулық сақтау, білім беру, технологиялар сияқты көптеген түрлі салаларды қамтитын әлемдегі ең ірі инвестициялық конгломераттардың бірі болып табылады.

Бүгінгі таңда Kingdom Holding Twitter, Uber, AccorHotels, Four Seasons, Savoy, Fairmont, Jingdong Inc., Rotana сияқты және т.б. әлемдік брендтердің акцияларына иелік етеді. Саудтық холдинг Қазақстанда орналасқан бірқатар халықаралық дәрежедегі қонақ үйлердің активтеріне де ие.

Өз кезегінде Alwaleed Philanthropies Қоры ірі халықаралық қайырымдылық ұйымы болып табылады, оның негізгі қызметі бүкіл әлемдегі кедейлікпен күресуге, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсетуге, әйелдер мен балалардың мүмкіндіктерін кеңейтуге және академиялық орталықтарды ұзақ мерзімді қайырымдылық салымдар арқылы қолдауға бағытталған. Қор құрылған қырық жыл ішінде әлемнің 189 еліндегі 1 миллиардтан астам адамға 4 млрд. АҚШ доллары көлемінде әр түрлі көмек жасаған. Сонымен қатар, Қор осы жылдың мамыр айында COVID-19 пандемиясымен күресуге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына 30 млн. АҚШ долларын бөлген.