Қазақстан ИЫҰ СІМК 50-ші мерейтойлық сессиясына қатысты

Қазақстан ИЫҰ СІМК 50-ші мерейтойлық сессиясына қатысты

Яунде, 2024 жылғы 29-30 тамыз – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшісі, Қазақстанның ИЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мадияр Меңілбеков бастаған Қазақстан делегациясы Камерун Республикасының астанасында өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің 50-ші мерейтойлық сессиясына қатысты.

Сессия барысында ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің делегация басшылары ислам әлеміндегі қазіргі жағдайға қатысты өзекті мәселелерді, сондай-ақ Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-технологиялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту және нығайту жолдарын талқылады. Әсіресе, Палестина-Израиль қақтығысы сияқты шиеленіскен әскери-саяси және гуманитарлық дағдарыстарды шешудің тиімді тәсілдерін іздеуге ерекше назар аударылды.

Делегация басшылары Палестина халқына қолдауы мен ынтымақтастықтарын білдіріп, Израиль билігін халықаралық құқық нормаларын, сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің палестиналық мәселеге қатысты қабылданған тиісті қарарларын сақтауға шақырды.

ИЫҰ СІМК 50-ші сессиясының қорытындысы бойынша Яунде декларациясы және саяси, экономикалық, құқықтық, гуманитарлық және әкімшілік-қаржылық салаларды қамтитын бірқатар қарарлар қабылданды.

Қорытынды құжаттардың қатарында Қазақстанның ядролық қаруды таратпау, биологиялық қауіпсіздікті алға жылжыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ИЫҰ-15 Диалог алаңының қызметін жандандыру, мәдени диалогты дамыту, сондай-ақ Арал теңізі мен бұрынғы Семей полигоны аймақтарын қалпына келтіру мәселелеріне қатысты бастамалары орын алды.

Жалпы, іс-шара ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ислам әлемі алдында тұрған өзекті мәселелерді шешудің тиімді тетіктерін бірлесіп іздестіруге деген елеулі ұстанымын көрсетті.

Кеңес барысында 2025 жылы Түркия Республикасында ИЫҰ СІМК-тің келесі, 51-ші сессиясын өткізу туралы шешім бірауыздан қабылданды.

Сонымен қатар, Камерун тарапының бастамасымен ИЫҰ СІМК аясында Елші М.Меңілбековтың Камерун Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Бас хатшысы Умару Чинмунмен кездесуі өтті, онда тараптар екіжақты және көпжақты күн тәртібіндегі бірқатар мәселелерді талқылады.