
Ар-Рияд, 2024 жылғы 27 тамыз – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков «SALIC» компаниясының Бас директоры Сүлейман әл-Румайхпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен «SALIC» арасындағы ынтымақтастықты жандандыру жолдарын, оның ішінде Қазақстанда ауыл шаруашылығы мен АӨК саласындағы перспективалы инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндігін талқылады.
Елші М.Меңілбеков Қазақстанның агроөнеркәсіптік әлеуеті, ауыл шаруашылығы саласындағы инвестициялық мүмкіндіктер, сондай-ақ ел экономикасына шетелдік капиталды ынталандыру және тарту бойынша қабылданып жатқан Үкімет шаралары туралы баяндап берді.
Өз тарапынан, С.Әл-Румайх «SALIC» холдингінің қызметімен және бизнесті дамыту жөніндегі компанияның Корольдіктегі және одан тыс жерлердегі жоспарларымен таныстырып, қазақстандық компаниялармен және агроөнеркәсіптік сектор өкілдерімен тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын екенін қуаттады.
SALIC (Saudi Agricultural and Livestock Investment Company - Сауд Арабиясының ауылшаруашылық және мал шаруашылығы инвестициялық компаниясы) 2009 жылғы 14 сәуірдегі №22 Король жарлығымен Мемлекеттік инвестициялық қорға (PIF) тиесілі акционерлік қоғам ретінде құрылған болатын. SALIC-тің негізгі міндеті – ауылшаруашылық саласындағы инвестициялық жобаларға қаржы бөлу арқылы Сауд Арабиясының азық-түлік қауіпсіздігін және оның баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады.