
Ар-Рияд, 2024 жылғы 26 тамыз – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Сауд Арабиясының Ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрі Абдулрахман әл-Фадлимен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ауыл шаруашылығы, экологиялық және су секторларындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселелерін талқылады, сондай-ақ агроөнеркәсіптік сектордағы бірлескен экономикалық және инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша пікір алмасты.
Елші М.Меңілбеков Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуеті туралы баяндап, АӨК және жалпы бұл саланы дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларға ерекше назар аударды. Өз сөзінде ол бүгінгі таңда Қазақстан ірі аграрлық ел ретінде бидай, бал, сүт өнімдері, сиыр еті, қой еті және басқаларын қоса алғанда, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерінің барлық түрлерін Шығанақ елдеріне экспорттай алатынын атап өтті.
Өз кезегінде, А.Әл-Фадли Қазақстанның Сауд Арабиясы үшін маңызды әріптес екенін, сондай-ақ қазақ тарапының екіжақты ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі ұсыныстарын толық қолдайтынын атап өтіп, екі мемлекет арасындағы қалыптасқан байланыстарды кеңейту және жаңа байланыстарды жолға қою үшін барлық қажетті күш-жігерді жұмсайтынына сендірді.
Сонымен қатар, тараптар халықаралық экологиялық проблемаларды шешуде екі елдің өзара іс-қимылына ерекше назар аударды, оның ішінде 2024 ж. желтоқсанда Ар-Рияд қаласында өтетін СОР16 саммитіне дайындық барысын талқылады.
Сауд Арабиясы үкіметі БҰҰ-мен (UNCCD) бірлесіп, алғаш рет ағымдағы жылы өз мемлекетінің астанасында экологиялық, климаттық, су және басқа да проблемаларға арналған ең ірі халықаралық СОР16 саммитін өткізуді жоспарлап отыр. Іс-шараға әлемнің 197-ден астам елінің өкілдері қатысады деп күтілуде.