
2020 жылғы 22 шілдеде Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Король диуанының (әкімшілігінің) кеңесшісі - Король Салман атындағы Құтқару және гуманитарлық көмек көрсету Орталығының басшысы доктор Абдалла ибн Әбдельазиз әл-Рабиамен бейнебайланыс арқылы кездесу өткізді.
Сұхбат барысында тараптар екі ел арасында гуманитарлық саладағы ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.
Король Салман атындағы Орталық 2015 жылғы мамырда құрылған және сол уақыттан бері әлемнің 53 елінде жалпы сомасы 4,4 млрд. долларды құрайтын 1255 жобаны жүзеге асырған. Негізгі жобалар жергілікті, аймақтық және халықаралық серіктестерімен бірлесе отырып Йеменде, Палестинада, Сирияда, Сомалиде және әлемнің басқа да мұқтаж елдерінде жүзеге асырылған.
Соның қатарында Король Салман атындағы Орталық 2016 жылы Семей қаласындағы туберкулезді емдейтін ауруханаға жалпы сомасы 3,4 млн. АҚШ долларын құрайтын медициналық жабдықты гуманитарлық көмек ретінде берген болатын.