
Ар-Рияд, 2024 жылғы 22 мамыр – Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Al Hokair Group холдингінің Төрағасы Маджед Әл-Хокейрмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Al hokair арасындағы ынтымақтастықты жандандыру жолдарын, оның ішінде Қазақстанда туризм және қонақ үй бизнесі саласындағы перспективалы инвестициялық жобаларды іске асыру мүмкіндігін талқылады.
Елші М.Меңілбеков Қазақстанның туристік әлеуеті, туристік индустрияны және жалпы осы саланы дамыту бойынша мемлекетте қабылданып жатқан шаралар жайлы баяндап берді. Сондай-ақ, ол бүгінде Қазақстан танымдық, ойын-сауық турларынан бастап рекреациялық, іскерлік және экотуризмге дейінгі туристік қызметтердің барлық түрлерін ұсына алатынын атап өтті.
Өз тарапынан М.Әл-Хокейр холдингтің қызметімен және қонақ үй бизнесін дамыту бойынша Корольдікте және оның аймағынан тыс жерлерде атқаралып жатқан шаралармен таныстырып, қазақстандық туристік компаниялармен және қонақ үй бизнесінің өкілдерімен тығыз ынтымақтастық орнатуға қызығушылық білдірді.
Al Hokair Group – 1975 жылы құрылған ірі саудтық холдинг болып табылады. Холдинг қызметі қонақжайлық пен ойын-сауық салаларының дамуына бағытталған. Бүгінгі таңда компанияның қорында Сауд Арабиясында және Шығанақ елдерінде Radisson, Holiday Inn, Hilton, Marriott және т.б. әлемдік деңгейдегі 35 қонақ үй, сондай-ақ жылына 30 миллионнан астам келушілерге қызмет көрсететін 92 түрлі тақырыптық саябақтар мен ойын-сауық орталықтары бар.