
2024 жылғы 21 мамырында – ҚР-дың САК-тағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Ар-Рияд провинциясының губернаторы, биік мәртебелі ханзада Фейсал бен Бандар бен Абделазиз Әл Саудпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейту, оның ішінде Астана мен Ар-Рияд арасында тығыз байланыс орнату мәселелерін талқылады. Осы тұрғыда екі ел авиакомпанияларының Астана – Ар-Рияд бағытында тұрақты рейстерді тезірек ашудың маңыздылығы атап өтілді.
Елші М.Меңілбеков ханзада Фейсал бен Бандар Әл Саудты Ар-Рияд қаласының ЭКСПО-2030 халықаралық көрмесін өткізу құқығына ие болуымен құттықтады.
Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Қазақстанның қазіргі саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы әңгімелеп берді. Атап айтқанда, ол отандық және шетелдік кәсіпкерлер үшін қолайлы бизнес-ахуал жасау, Астана қаласын дамыту және абаттандыру бойынша Үкімет қабылдап жатқан шаралармен таныстырды.
Өз кезегінде ханзада Фейсал бен Бандар Қазақстанның Сауд Арабиясы үшін маңызды әріптес екенін атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға, іскерлік байланыстарды жандандыруға және туристік ағымды ұлғайтуға септігін тигізетін қазақстандық тараптың екі елдің астаналары арасындағы байланыстарды нығайту және әуе қатынастарын ашу жөніндегі ұсыныстарын қолдады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Астана мен Ар-Рияд арасындағы байланыстарды тереңдету бойынша бірлескен күш-жігерді жалғастыруға келісті.