
Ар-Рияд, 2024 жылғы 21 сәуір. Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы жанындағы ҚР Тұрақты өкілі ретіндегі дипломатиялық миссияның аяқталуына байланысты Елші Б.Арын Ислам Даму Банкінің (ИДБ) Президенті Мұхаммед Сүлейман әл-Джассермен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанның Ислам Даму Банкімен өзара іс-қимылының барысы мен перспективаларын, оның ішінде Банк пен оның институттарының қатысуымен елімізде іске асырылатын бірқатар әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу жолдарын қарастырды.
ИДБ басшысы М.Әл-Джассер Қазақстан мен Ислам Даму Банкі арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін қазақ дипломатына алғысын білдірді, сондай-ақ одан әрі табысты кооперацияға және Банктің қазақстандық экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобаларға қатысуына үміт білдірді. Оның айтуынша, ИДБ бизнес, қаржы салаларындағы жобаларды іске асыруға, сондай-ақ инфрақұрылым мен коммуникацияларды жаңғыртуға қатысуды жалғастыруға ниетті.
Кездесу қорытындысы бойынша ИДБ президенті М.әл-Джассер Елші Б. Арынға алдағы жұмысында табыс тіледі.