Қазақстан мен Сауд Арабиясы кітапхана және мұрағат саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

Қазақстан мен Сауд Арабиясы кітапхана және мұрағат саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі

2024 жылғы 7 ақпанда Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын САК Мәдениет министрлігі жанындағы Кітапханалар істері комитетінің атқарушы директоры Абдулрахман әл-Асиммен кездесті. 

Кездесу барысында тараптар кітапхана мен мұрағат саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту жолдарын талқылады. Атап айтқанда, екі елдің жетекші кітапханалары арасында кітап қорларымен алмасу және кітаптарды сақтау мен цифрландыру тәжірибесімен бөлісу мақсатында байланыс орнату мәселелері қаралды.   

Осы тұрғыда Елші Б.Арын сұхбаттасына қазақстандық кітапханалардың қызметі және олардың қоғамдағы рөлі туралы айтып, Қазақстанның осы салада мол тәжірибесі бар екеніне назар аударып, Сауд Арабиясындағы серіктестерімен тығыз ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті. 

Сондай - ақ, әңгімелесу барысында Елші Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнауының 30 жылдығы туралы хабардар етті және осыған байланысты САК мұрағаттарынан Корольдіктің Қазақстанмен мәдени-тарихи байланыстары туралы материалдарды іздестіруге және жариялауға қолғабыс тигізу туралы өтініш білдірді.

Өз кезегінде А.Әл-Асим Елшіні Сауд кітапханалары мен ол басқаратын комитеттің жұмысымен таныстырып, қазақстандық әріптестерімен байланыс орнатуға қызығушылық білдірді. Алғашқы қадам ретінде екі елдің ұлттық кітапханаларында Қазақстан мен Сауд Арабиясына арналған арнайы кітап бұрыштарын ашуды ұсынды, онда оқырмандар екі халықтың тарихы, олардың мәдениеті мен дәстүрлері туралы баяндайтын кітап өнімдерімен таныса алады.   

САК Мәдениет министрлігі жанындағы кітапханалар комитеті 2020 жылдың ақпан айында Сауд Арабиясының кітапхана секторын дамыту мақсатында құрылған. Комитет кітапхана қызметтерін цифрлық трансформациялау бойынша жұмыс жүргізеді, кітапхана секторының тиімділігін арттыруға жәрдемдеседі, осы саладағы инновациялар мен инвестицияларды ынталандырады, қоғамның кітапхана ісіне қатысуын кеңейтуге ықпал етеді, халықтың барлық топтарын кітап оқу мәдениетіне баулиды.