
2023 жылғы 25 желтоқсанда Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын САК Мәдениет министрлігі жанындағы Мәдени мұра комитетінің Атқарушы Директоры Джассер Сүлейман Әл-Харбашпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар мәдени мұраны сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін, оның ішінде бірлескен зерттеулер, археологиялық қазбалар жүргізу, екі елде өткізілетін халық қолөнеріне арналған түрлі көрмелер мен фестивальдарға қатысу мүмкіндіктерін талқылады.
Осы тұрғыда тараптар екі елде жүзеге асырылып жатқан тарихи-мәдени, сәулет ескерткіштерін қайта құру, мәдени мұраны зерделеу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, тарих, мәдениет, ұлттық шығармашылық және қолөнер жөніндегі ғылыми еңбектерді жариялау жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттармен бөлісті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар тәжірибе алмасу және бірлескен ізденістер жүргізу үшін екі елдің тиісті мемлекеттік органдары мен ғылыми-зерттеу орталықтары арасында ынтымақтастық орнатуға келісті.
Сауд Арабиясының Мәдени мұра комитеті мәдени-тарихи және этнографиялық мұраны дамытуға және сақтауға, мәдени құндылықтар мен археологиялық кешендерді қорғауға және сақтауға және оларды тиімді басқаруға жауапты екенін атап өткен жөн. Сондай-ақ Комитеттің қызмет саласына әртүрлі сипаттағы жергілікті және халықаралық конференциялар, көрмелер, іс-шаралар мен конкурстар ұйымдастыру және өткізу, мәдени және тарихи мұраға маманданған таланттарға көмек беру мен дамытуға жәрдемдесу кіреді.