«Ислам әлемімен қазіргі дипломатиялық қарым-қатынастардың бастауында: Нәзір Төреқұлов пен Карим Хакимовтың өмірі мен тағдыры» бейнеконференциясының өтуі туралы

«Ислам әлемімен қазіргі дипломатиялық қарым-қатынастардың бастауында: Нәзір Төреқұлов пен Карим Хакимовтың өмірі мен тағдыры» бейнеконференциясының өтуі туралы

Ағымдағы жылдың 27 мамырында Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігі, Ресейдің Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) жанындағы Тұрақты өкілдігі және «Ресей-ислам әлемі» стратегиялық Тобы бірлесе отырып, ИЫҰ Бас хатшылығының қолдауымен «Ислам әлемімен қазіргі дипломатиялық қарым-қатынастардың бастауында: Нәзір Төреқұлов пен Карим Хакимовтың өмірі мен тағдыры» айдарымен бейнеконференция өткізді. 

Іс-шараға Ресей, Қазақстан, Сауд Арабиясы, Башқұртстанның белгілі саясаткерлері, дипломаттары мен ғалымдары қатысты, солардың қатарында Еуразиялық экономикалық комиссия коллегиясының мүшесі Т.Мансұров, ИЫҰ Бас хатшысының ғылым және технология жөніндегі орынбасары А.Мусинов, РФ-ның осы Ұйым жанындағы Тұрақты өкілі Р.Абдулатипов, Башқұртстан үкіметінің өкілі А.Бадранов, «Орыс-араб зерттеулері мен ақпарат қорының» төрағасы д-р Маджед Әбдельазиз әт-Турки, «Ресей-Африка серіктестік форумы» хатшылығының меңгерушісі О.Озеров, «Ресей-ислам әлемі» стратегиялық көзқарас Тобы төрағасының орынбасары Ф.Мухаметшин және тағы басқалар болды.

Конференция барысында қатысушылар кеңестік дипломатияның жарқын өкілдері Нәзір Төреқұлов пен Карим Хакимовтың өмірі мен қызметтері, олардың Кеңес Одағы мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынастарды қалыптастыру мен дамытуға қосқан орасан үлестері туралы сөз қозғап, өз ойларымен бөлісті.  Кеңес Одағының көрнекті саяси қайраткерлерінің артында қалдырған бай мұраларын бүгінгі және болашақ ұрпаққа жеткізу бағытында атқарылған және атқарылып жатқан зерттеу жұмыстары төңірегінде әңгімеледі. 

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі, ИЫҰ жанындағы Тұрақты өкілі Берік Арын өз сөзінде қазақ ұлтының мақтан тұтар ұлы Нәзір Төреқұловтың сіңірген еңбегі бүгінгі таңдағы Тәуелсіз Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы өзара тиімді, достық байланыстарды қалыптасып, дамуына да  үлкен үлес қосқанын атап өтті. Осы ретте ҚР Үкіметі тарапынан көрнекті саяси қайраткер, дипломат Н.Төреқұловтың есімін халық жадында мәңгі сақтау үшін атқарылып жатқан шаралар туралы айтып, соның ішінде 2003 ж. «Қазақстан Республикасының Сыртқы саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін» берілетін Нәзір Төреқұлов атындағы медаль тағайындалғанын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Рияд қаласында орналасқан Елшілігінде Н.Төреқұлов атындағы кітапхана қызмет ететінін мәлімдеді.

ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары А.Мусинов әйгілі дипломаттар Нәзір Төреқұлов пен Карим Хакимовтың Кеңес Одағының, оның құрамына кезінде кірген халықтардың Мароккодан Индонезияға дейінгі аралықтағы орасан кеңістікті мекендейтін мұсылман әлемімен байланыстарын қалыптастыруға және дамытуға сіңірген зор еңбектері туралы баяндады. Олардың бастаған жолын жалғастыру маңыздылығын атап өтіп, бұл тұрғыда мұсылман елдерімен білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға шақырды. Осы ретте қазақстандық және ресейлік тараптарды оқу мүмкіндіктерін, оның ішінде оқу гранттарын және ақылы негізде орындарды ИЫҰ-ның «Educational exchange» бағдарламасы аясында бөлістіруді қарастыруды ұсынды.

А.Мусиновтың ұсынысы қатысушылар тарапынан кең қолдау тауып, оған қатысты «Ресей-ислам әлемі» стратегиялық көзқарас Тобы төрағасының орынбасары Ф.Мухаметшин де бұл ұсынысты жүзеге асыруға дайындығын мәлімдеді.

Нәзір Төреқұлов (1882-1937 жж.) – тұңғыш қазақ дипломаты, көрнекті саяси және қоғам қайраткері, ғалым. 1930 жылғы 1 қаңтардан 1935 жылғы 7 желтоқсанға дейін Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы Өкілетті өкілі қызметін атқарып, кеңес-сауд ынтымақтастығының дамуына үлкен үлес қосқан дара тұлға.

Билеуші Әл Сауд жанұясымен жақсы қарым-қатынастар орнатқан қазақ дипломаты 1932 жылы маусымда Сауд Арабиясының болашақ королі, ханзада Фейсал бен Әбдельазиз Әл Саудтың КСРО-ға ресми сапарын ұйымдастыруға атсалысты.

КСРО-ға қайтып оралған соң арада көп уақыт өтпей 1937 жылы сталин режимімен «халық жауы» деген жаламен Н.Төреқұлов қамауға алынып, сол жылдың 3 қарашасында атылып кетеді.

1958 жылы 28 қаңтарда КСРО Жоғарғы сотының шешімімен толықтай ақталады.

Мемлекет және қоғам қайраткері Н.Төреқұлов туралы, оның ерен еңбегі мен дипломатиялық қызметі жөнінде дипломат, ғалым Тайыр Мансұров зерттеп, бірнеше құнды кітаптарды орыс, ағылшын, қазақ тілдерінде шығарған.