2023 ж. 24 қазанда Ар-Рияд қаласында Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшілігі Республика күніне орай салтанатты қабылдау өткізді

2023 ж. 24 қазанда Ар-Рияд қаласында Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшілігі Республика күніне орай салтанатты қабылдау өткізді

Мерекелік іс-шараға Ар-Рияд өңірі губернаторының орынбасары, САК Консультативтік кеңесінің депутаттары, Сыртқы істер министрлігі мен басқа да мемлекеттік органдарының өкілдері, шет елдердің елшілері мен дипломаттары, Ар-Рияд пен Джидда қалаларында орналасқан халықаралық ұйымдардың жетекшілері, бизнес қауымдастығының өкілдері, зиялы қауым мен БАҚ, сондай-ақ белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

Қазақстан Елшісі Б.Арын өзінің құттықтау сөзінде еліміз үшін Республика күнінің мемлекеттік және тарихи маңыздылығы туралы айтып, егемен дамуы кезеңіндегі Қазақстанның негізгі жетістіктерімен бөлісті.
Сондай-ақ, ол Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынастардың даму қарқыны туралы баяндап, ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың өткен және биылғы жылдары Корольдікке жасаған сапарлары барысында қол жеткізген уағдаластықтардың арқасында екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды серпін алғанын ерекше атап өтті.
Салтанатты қабылдауға қатысушыларға Республика күні туралы қысқаметражды деректі фильм көрсетіліп, Қазақстанның экономикалық және туристік әлеуеті мен көркем табиғатына арналған фотокөрме ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуы, әдебиеті мен көркем өнері туралы баяндайтын ақпараттық-имидждік материалдар мен кітап басылымдары таратылды.
Шақырылған қонақтар ұлттық тағамдар мен қазақстандық өндірушілердің кондитерлік өнімдерінен дәм татып, «Этнос» дуэтінің концертін тамашалады. Әртістер қазақтың ұлттық ән-күйлері мен белгілі отандық композиторлардың шығармаларын көпшілікке ұсынды.
Іс-шара барысында Сауд Арабиясының көрнекті қоғамдық-саяси қайраткерлері мен шақырылған қонақтар Республика күніне орай Қазақстан халқына деген шынайы құттықтауларын жеткізіп, бейбітшілік пен тұрақты даму тілеген жылы лебіздерін білдірді.