Қазақстандық делегация Қожа Ахмет Ясауи кесенесін ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізудің 20 жылдығына арналған «Тұрақты болашақ үшін дамумен үйлесімді мұра» тақырыбында семинар өткізді

Қазақстандық делегация Қожа Ахмет Ясауи кесенесін ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізудің 20 жылдығына арналған «Тұрақты болашақ үшін дамумен үйлесімді мұра» тақырыбында семинар өткізді

Үстіміздегі жылғы 10-25 қыркүйекте Ар-Рияд қаласында өтіп жатқан ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра комитетінің кеңейтілген 45-ші сессиясы аясында қазақстандық делегация «Тұрақты болашақ үшін дамумен үйлесімді мұра» тақырыбында семинар өткізді.

Іс-шара Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы Елшілігі мен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Семинардың ашылуында Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын сөз сөйлеп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізудің бүкіл әлем үшін маңыздылығын, сондай-ақ оның Қазақстанның ұлттық бірегейлігі үшін өзектілігін атап өтті. Бұл тұрғыда қазақстандық дипломат Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы өзара туристік ағымның өсіп келе жатқанына, оның ішінде Сауд Арабиясы азаматтарының Қазақстанның туристік орындары мен тарихи жерлеріне, атап айтқанда ең көрнектісі болып Орталық Азияда Исламның таралуында маңызды рөл атқарған Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қызығушылығының артуы есебінен екендігіне назар аударды.

Сонымен қатар іс-шарада ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра орталығы директорының орынбасары, профессор Д.Хосаграхар, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова, Қазақстан Республикасы ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Әлия Байсабаева, ИКОМОС орнықты даму мақсаттары жөніндегі жұмыс тобының міндеттерінің үйлестірушісі Она Вилейкис, Түркістан облысы әкімдігінің Туризм жөніндегі ақпараттық орталығының бас директоры Серікболсын Сандыбаев, «Қазреставрация» РМК Қ.А.Ясауи кесенесін сақтау жобасының жетекшісі Л.Бейсембаева, Дүниежүзілік мұра жөніндегі ҚР Ұлттық комитетінің сарапшылары Дмитрий Воякин мен Элина Мальцева, ЮНЕСКО жанындағы ҚР Тұрақты Өкілдігінің өкілдері, сондай-ақ қалалық даму және тарихи мұраны сақтау саласындағы бірқатар халықаралық сарапшылар сөз сөйледі.

Жалпы, қазақстандық делегация мүшелері өз сөздерінде мемлекеттің Қазақстандағы тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қорғау тәсілдерімен, еліміздің және оның өңірлерінің туристік әлеуетін іске асыру стратегиясымен таныстырды. Сонымен қатар, семинар аясында Дүниежүзілік мұра ескерткіштерін сақтау аясында аумақтарды орнықты дамытудың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасылды.