Ар-Рияд қаласында ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған дөңгелек үстел өтті

Ар-Рияд қаласында ҚР Президенті Қ. Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған дөңгелек үстел өтті

2023 жылғы 18 қыркүйекте Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшілігі Орыс-араб зерттеулері және ақпарат қорымен (Қор) бірлесіп ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауына арналған дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға Қор төрағасы М.Ат-Турки, Имам Мұхаммед бен Сауд атындағы Ислам университетінің, Король Сауд атындағы университеттің, ОАЗАҚ және басқа да саудтық ғылыми-зерттеу орталықтарының ғалымдары мен жетекші мамандары, жергілікті және өңірлік БАҚ өкілдері қатысты.

Елші Б.Арын өз сөзінде ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан экономикалық және саяси реформалар туралы айтып берді. Осы тұрғыда Елші Президент жолдаудың негізгі бағыттарымен таныстырып, онда Қазақстанның экономикасы мен қазіргі азаматтық қоғамды дамытудың  негізгі векторлары көрсетілгеніне назар аударды.

Қазақстандық дипломат Мемлекет басшысының экономикалық жаңғыртуға бағытталған маңызды мақсаттар қойғанын, ол 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есеге ұлғайту үшін 6-7% деңгейінде тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, өнеркәсіптік өндіріс, «жасыл» экономикалық қайта құру, цифрландыру және IT жобалар, азық-түлік және экологиялық қауіпсіздік саласындағы міндеттер атап өтілді.

Сондай-ақ, Б.Арын Қазақстан-Сауд Арабиясы ынтымақтастығын дамыту, оның ішінде сауда-экономикалық, инвестициялық байланыстарды жандандыру және туристік ағымды ұлғайту бойынша бірлескен шаралар мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді.  

Өз кезегінде, Қор төрағасы М.Ат-Турки Президент Қ.Тоқаевтың жолдауында Қазақстанның үдемелі дамуын қамтамасыз етуге бағытталған  бастамалардың маңыздылығын атап өтіп, президенттік жолдаулардың негізінде елдің саяси дамуының жүйелі сабақтастығы мен дәйектілігі, сондай-ақ саяси және экономикалық реформалардың үйлесімдігіне назар аударды.

Сондай-ақ, ол Қазақстан көптеген аспектілер бойынша Орталық Азияда көшбасшы орынға ие екенін және бұл ел басшылығының көреген, ашық және прагматикалық саясатының арқасында екенін атап өтті. Оның айтуынша, Астана мен Ар-Рияд екіжақты ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделі, сондай-ақ бірқатар халықаралық және өңірлік проблемалар бойынша ұстанымдары ұқсас.

Халықаралық қатынастарды зерттеуші А.Уазен жолдаудың негізгі аспектілерін оң бағалап, онда қамтылған өзекті мәселелердің бірі болып азық-түлік қауіпсіздігін шешу табылатындығын атап өтті. Оның айтуынша, «бүгінгі таңда көптеген елдер үшін геосаяси дағдарыстар жағдайында халықты қажетті өнімдермен қамтамасыз ету аса маңызды. Бұл мәселені реттеуде Қазақстан аграрлық ел ретінде шешуші рөл атқара алар еді».

Қор сарапшысы З.Ад-Даххан Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көлдер мен өзендерінің көптігімен ерекшеленетініне қарамастан, өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешудің өзектілігіне назар аударды.

Оның пікірінше, су ресурстарын ұтымды пайдалану қазіргі уақытта әлемнің осы көкейкесті мәселесін шешуге оң септігін етуі мүмкін. Бұл ретте аталған мәселенің Сауд Арабиясы үшін де аса маңызды болып табылатындығын атап өтті.

САС логистикалық компаниясының бас директоры М.Әл-Хилиауи жолдауда көліктік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесі көтерілгеніне байланысты, оның тек Қазақстанға ғана емес, Парсы шығанағы өңіріне де маңызды екендігіне назар аударды.

Жалпы, ҚР Президентінің жолдауында айтылған Қазақстандағы жаңа экономикалық бағыт пен саяси өзгерістер Сауд Арабиясының сарапшылар қауымдастығының үлкен қызығушылығын тудырды. Олардың пікірінше, қазіргі уақытта Корольдікте әлеуметтік-экономикалық салада осы іспеттес ауқымды реформалар жүргізілуде. Аталған шараларды табысты іске асыру ағымдағы қиын геосаяси жағдайда азаматтардың өмір сүру сапасын және әлеуметтік әл-ауқатының өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Дөңгелек үстел аясында сарапшылар ағымдағы жылдың шілде айында Джидда қаласында сәтті өткен «Орталық Азия – Парсы шығанағы» мемлекет басшыларының бірінші өңіраралық саммитінің қорытындыларын талқылады. Осы ретте бұл маңызды халықаралық іс-шараның қорытындысы және Қазақстан басшысының Корольдікке сапары екіжақты қарым-қатынастарға оң әсер етіп, өңіраралық өзара іс-қимылға қосымша серпін беретіні атап өтті.

  Іс-шараға қатысушылар Елшіліктің дөңгелек үстел өткізу жөніндегі бастамасын жоғары бағалады және екіжақты ынтымақтастықты нығайту бойынша бірлескен ұсыныстар әзірлеу үшін осындай кездесулерді жалғастыруға келісті.