Король Сауд атындағы университетте Қазақстан Президентінің Жолдауында айтылған бастамалардың Қазақстанның үдемелі дамуы үшін маңыздылығын атап өтті, сондай ақ қазақстандық жоғары оқу орындарымен ғылым және жоғары білім салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытылуда

Король Сауд атындағы университетте Қазақстан Президентінің Жолдауында айтылған бастамалардың Қазақстанның үдемелі дамуы үшін маңыздылығын атап өтті, сондай ақ қазақстандық жоғары оқу орындарымен ғылым және жоғары білім салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге қызығушылық танытылуда

2023 жылғы 14 қыркүйекте ҚР-ның САК-тағы Елшісі Берік Арын Сауд Арабиясының жетекші университеті - Король Сауд университетінің Президенті профессор Бадр әл-Омармен кездесті. Сондай-ақ кездесуге университеттің Вице-президенті Абдулла әл-Салман және Халықаралық ғылыми ынтымақтастық департаментінің директоры Мезиад әл-Терқауи қатысты. Тараптар Король Сауд университетінің Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығын жандандыру мәселелерін талқылады.

Елші Б. Арын мен Б. Әл-Омар сұхбат барысында жоғары білім беру жүйесі және осы салада жүргізіліп жатқан реформалар, өз мемлекеттерінің академиялық және докторлық бағдарламалары туралы ақпаратпен алмасты. Осы тұрғыда оқу орнының басшысы университетте болған құрылымдық өзгерістер және оны әлемнің жетекші білім беру орталықтарының біріне айналдыру бойынша алдында тұрған міндеттер туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Осы мақсаттарға қол жеткізу шеңберінде университет шетелдік әріптестермен, оның ішінде Қазақстанмен ғылыми және білім беру байланыстарын орнатуға және кеңейтуге ниетті.

Өз кезегінде Елші Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары, олардың соңғы жетістіктері, сондай-ақ олардың қызметін қолдау бойынша Үкімет қабылдап жатқан шаралар туралы баяндады.

Екіжақты ынтымақтастықты жандандыру жоспарында дипломат екі елдің жетекші жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды кеңейту мақсатында, атап айтқанда, Король Сауд университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ арасында 2006 жылы қол қойылған меморандум негізінде қолда бар уағдаластықтарды іске асырудың маңыздылығын атап өтті, ол үшін жақын арада жоғары оқу орындары басшылығы деңгейінде сапарлармен алмасуды ұйымдастыруды ұсынды.

Сонымен қатар, Б.Арын сұхбаттасушыны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі баптарымен таныстырып, Жолдауда көрсетілген экономикалық реформалар мен жаңа экономикалық бағытына, индустрияландыруға, әртараптандыруға, жасыл энергетикаға көшуге, салық кодекстерін жеңілдетуге бағытталған кешенді жоспар, сондай-ақ басқару жүйесіндегі ашықтық пен әділеттілік Жолдаудың негізгі құрамы болып табылатынын атап өтті. Сондай-ақ ол Жолдауда қойылған міндеттерді шешу үшін Үкімет құрылымына өзгерістер енгізіліп, жаңа министрліктердің құрылғанын хабарлады.

Университет президенті қазіргі уақытта Корольдікте әлеуметтік-экономикалық салада осыған үндес ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын айта кетіп, ҚР Президентінің Жолдауында көрсетілген бастамалардың Қазақстанның үдемелі дамуын қамтамасыз ету үшін маңыздылығын атап өтті.

Король Сауд университеті – 1957 жылы құрылған алғашқы және ең ірі жоғары оқу орны. Ауданы бойынша 10-нан астам кітапхана, 2 емхана, өзінің ғылыми-зерттеу орталығы, кампустары және отбасылық жатақханалары бар әлемдегі екінші университет болып табылады. Рейтинг бойынша университет САК-та бірінші орынды, ал әлемнің жоғары оқу орындары арасында 193 орынды иеленеді. Бүгінгі таңда университетте 65000-нан астам студент оқиды, оның 5%-ы шетелдік азаматтар.