Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Бахрейннің Сыртқы істер министріне сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Бахрейннің Сыртқы істер министріне сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды

2020 жылғы 10 мамырда Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Берік Сақбайұлы Арын Бахрейн Корольдігінің Сыртқы істер министрі Абдуллатиф бен Рашид әл-Заяниге Қазақстанның Бахрейн Корольдігіндегі Елшісі қызметін қоса атқарушы ретінде сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды.
Әлемдік пандемияға айналған коронавирустың жаппай таралуы ғасырлар бойы қалыптасқан, егжей-тегжейлі пысықталған бұл халықаралық протоколдық рәсімді де айналып өтпеді. Мемлекетаралық шекаралардың жабылуы мен әуе қатынастарының тоқтатылуына байланысты бұл жолы сенім грамоталарының көшірмелерін тапсыру рәсімі қазақ дипломатиясының тарихында бірінші рет қашықтықтан бейнекоференция арқылы өтті.
Тапсыру рәсімінен кейін орын алған сұхбат барысында Министр қазақстандық дипломатты лауазымына кірісуімен құттықтай отырып, Корольдіктің Қазақстанмен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен тереңдетуге үлкен мүдделілігін қуаттады.
Өз кезегінде, Б.Арын екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайтуға бар күш-жігерін жұмсайтынына сендірді.
Сондай-ақ, тараптар Қазақстан-Бахрейн ынтымақтастығын жандандырудың жолдары бойынша пікір алмасып, осы бағытта бірлесіп күш салуға уағдаласты.