Қазақстан мен Сауд Арабиясы жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Қазақстан мен Сауд Арабиясы жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

2023 жылғы 31 тамызда ҚР САК-ғы Елшісі Берік Арын Сауд Арабиясының Білім министрі Юсуф бен Абдулла Әл-Буниянмен кездесті. Кездесуде тараптар жоғары білім және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастықты жандандыру мәселелерін талқылады.

Елші Б. Арын мен Министр Юсуф Әл-Буниан әңгіме барысында жоғары білім беру жүйесі және осы салада жүргізіліп жатқан реформалар, өз мемлекеттерінің академиялық және докторлық бағдарламалары туралы ақпаратпен алмасты. Сауд министрі Сауд Арабиясының жоғары оқу орындары шетелдік студенттерге, соның ішінде Қазақстаннан келген студенттерге ашық екенін және әртүрлі мамандықтар бойынша оқуға арналған арнайы гранттар бар екенін атап өтті.

Өз кезегінде Елші Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындары, олардың соңғы жетістіктері және шетелдік әріптестермен тығыз байланыс орнату жоспарлары туралы айтып берді.

Тараптар сондай-ақ араб тілін оқитын қазақстандық студенттер үшін тілдік тағылымдаманы және Корольдіктің оқу орындары мен орталықтарында қазақстандық оқытушылар үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру мәселелерін қарастырды. Министр қазақстандық араб тілінің оқытушылары мен студенттеріне арналған тілдік курстарды ұйымдастыруға жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар білім беру-ғылыми салалардағы ынтымақтастықты нығайту үшін Қазақстан мен Сауд Арабиясының салалық министрліктері мен жоғары оқу орындарының ресми тұлғаларының өзара сапарларын ұйымдастыруға келісті.