ИЫҰ штаб-пәтерінде 2023 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыру мәселелері талқыланды

ИЫҰ штаб-пәтерінде 2023 жылғы қажылық маусымын ұйымдастыру мәселелері талқыланды

Жидда, 2023 жылдың 13 маусымында Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі, ҚР Ислам ынтымақтастығы ұйымы (ИЫҰ) жанындағы Тұрақты өкілі Берік Арын САК Қажылық және умра министрі Тауфиқ Ар-Рабияның ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің елшілері, Тұрақты өкілдері мен бас консулдарымен ағымдағы жылы қажылық маусымын ұйымдастыру мәселелеріне арналған кездесуіне қатысты.

ИЫҰ Бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха қажылардың діни рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған Корольдік пен САК Қажылық және умра министрлігінің басшылығының күш-жігерін жоғары бағалады.

САК Қажылық және умра министрі Тауфиқ Ар-Рабия қажылыққа әр түрлі мемлекеттерден келетін қажылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету, қолайлы жағдайлар жасау бойынша САК Үкіметі мен оның мекемелерінің шаралары туралы айтып берді. Оның айтуынша, бұл ретте көлік және логистикалық қызметтерге ерекше көңіл бөлінеді.

Осы тұрғыда Министрлік басшысы «Меккеге жол» жаңа қызметінің енгізілгенін атап өтті, соның арқасында қажылар Корольдіктің әуежайларында паспорттық бақылаудан және басқа да қажетті рәсімдерден жедел өтуге мүмкіндік алады. Сонымен қатар, цифрлық технологиялар мен арнайы әзірленген қосымшалар қажылардың діни рәсімдерден өту процесін жеңілдетеді.

Дипломатиялық корпусының атынан сөз сөйлеген Дуайен, Джибутидің САК-тағы Елшісі Д.Бамахрама қажыларға байланысты жедел мәселелерді шешу үшін Министрліктің дипломатиялық корпуспен кері байланысын орнату қажеттілігіне назар аударды. Сонымен қатар, дуайен дипмиссиялар басшыларының қажылық кезеңінде қасиетті қалаларда көліктерге қойылған шектеулерді ескере отырып, дипломаттардың өз елдерінен қажылық миссиялары мен қажыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы тілектерін жеткізді.

Сонымен қатар, дипкорпус өкілдері қажыларды қабылдау үшін Корольдіктегі әуежайлардың санын көбейту, келетін қажылардың биометриялық тексеруден өту процесін жеңілдету, кейбір мемлекеттер үшін бөлінетін квотаны ұлғайту, сондай-ақ қажылықты ұйымдастыру қызметтерінің құнын төмендету бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты.

Өз кезегінде, САК Қажылық және умра министрі көтерілген барлық сұрақтар мұқият қарастырылып, жұмыс барысында ескерілетіндігіне сендірді.