Король Әбделазиз атындағы Ғылыми-техникалық қалашық (KACST) Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

Король Әбделазиз атындағы Ғылыми-техникалық қалашық (KACST) Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

2023 ж. 22 мамырда Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Король Әбделазиз атындағы Ғылыми-техникалық қалашықтың (KACST) Президенті Мунир Әл-Десоукимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ғылым, инновация және технология саласындағы ынтымақтастықты дамыту мен нығайту мәселелерін талқылады.

Доктор Мунир Әл-Десоуки Ғылыми-техникалық қалашықтың қызметімен және Корольдіктің осы саладағы әлеуетін дамыту жөніндегі алдағы жоспарлармен таныстырып, KACST-тің қазақстандық ғылыми-зерттеу институттарымен және орталықтарымен ғылым мен технологияның түрлі салаларында, оның ішінде ғарыш саласында екіжақты өзара іс-қимылды жолға қоюда тығыз ынтымақтастық орнатуға дайындығын білдірді. Оның айтуынша, бүгінде Сауд Арабиясы ғарыш кеңістігін зерттеу және игеру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде, сондықтан бұл салада тәжірибесі бар Қазақстанмен әріптестік орнатуға мүдделі.

Өз кезегінде, Елші Б.Арын сұхбаттасушыны Қазақстан ғылымының дамуы және оның 30 жылдық тәуелсіздігі кезіндегі жетістіктері, олардың ішінде ғылыми-техникалық әлеуеті және қазіргі жаһандық жағдайларға бейімделуі туралы баяндап берді. Ол сондай-ақ Қазақстанда алдағы уақытта өтетін ірі халықаралық ғылыми-білім беру саласындағы іс-шаралары туралы, оның ішінде 2023 ж. 25-26 мамырға Алматы қаласында жоспарланған ғылыми-техникалық салада озық мұсылман елдерін біріктіретін "ИЫҰ-15" диалог тобының Министрлік кездесуіне дайындық барысы туралы хабардар етті.

Қазақстандық дипломат 2023 ж. 21 мамырда "SpaceX Dragon" ғарыш кемесінің бортында екі Сауд ғарышкерінің, оның ішінде тұңғыш әйел ғарышкер Райан Барнауидің Халықаралық ғарыш станциясына сәтті жіберілуіне байланысты Сауд Арабиясының басшылығы мен бүкіл бауырлас халқын құттықтап, ғарышкерлерге өз миссиясын сәтті аяқтағаннан кейін елге аман-есен оралуын тіледі.

Сонымен қатар, Елші ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың 2022 ж. 20 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-ші сессиясында айтылған биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттік құру туралы бастамасымен таныстырды. Осыған байланысты ол COVID-19 пандемиясы биологиялық тәуекелдер мен қауіптерді азайтуға бағытталған шұғыл шараларды қабылдау қажеттілігін көрсетті, ал биологиялық қаруды бақылаудың көпжақты жүйесін іске қосу перспективасы ерекше өзектілікке ие болып отырғанын атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ғылым мен технологиялар, инновациялар, ғарышты зерттеудің және т.б. түрлі бағыттарында өзара қызығушылық тудыратын екіжақты ынтымақтастықты дамыту жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеуге келісті.

KACST-Сауд Арабиясындағы ғылым мен технологияны дамытуға және осы саладағы Корольдіктің әртүрлі мекемелерінің ғылыми зерттеулері мен күш-жігерін үйлестіруге толық жауапты бірегей тәуелсіз үкіметтік ұйым.

Аталған қалашықта математика және физика, энергетика, мұнай химиясы, ғарыш және астрономия, атом қуаты, радиоактивті қалдықтар, биотехнология, наномедицина, нанотехнология, робототехника, ақпараттық технологиялар, экология және т. б. сияқты адамзат үшін маңызды салаларда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізетін 35 ірі институттар мен орталықтар орналасқан.