Сауд Арабиясының мемлекеттік ауыл шаруашылығы компаниясымен азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды

Сауд Арабиясының мемлекеттік ауыл шаруашылығы компаниясымен азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды

2023 жылғы 18 мамырда Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Саудтық ауыл және мал шаруашылығы саласындағы «SALIC» инвестициялық компаниясының Бас директоры Сулайман Аль-Румейхпен кездесті.

Кездесу барсында тараптар ауыл шаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оның ішінде агроөнеркәсіптік секторда бірлескен инвестициялық және коммерциялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша ҚР Үкіметі тарапынан қабылданып жатқан шаралары туралы хабардар етіп, осы саладағы инвестициялық мүмкіндіктермен және тиісті жобалармен таныстырды.

«SALIC» компаниясы 2009 ж. Король Жарлығымен құрылып, САК Мемлекеттік инвестициялық қорының (PIF) құрамына кіреді. «SALIC»-тің негізгі қызметі Сауд Арабиясының азық-түлік қауіпсіздігін, Корольдіктегі азық-түлік пен оның бағасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. «SALIC» Канада, Австралия, Украина, Бразилия, Үндістан және т.б. бірқатар агроөнеркәсіптік елдерде белсенді жұмыс істейді.

Өткен жылы SALIC Сауд Арабиясының бидай мен негізгі азық-түлік қажеттіліктерінің 30%-ын қамтамасыз етіп, Корольдікке 1 млн. тоннадан астам бидай және 1,2 млн. тонна көлеміндегі стратегиялық тауарларды жеткізді.