Ар-Риядта Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тау-кен саласындағы ынтымақтастығы талқыланды

Ар-Риядта Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы тау-кен саласындағы ынтымақтастығы талқыланды

2023 жылғы 16 мамырда Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын ең ірі саудтық «Ma’aden» тау-кен компаниясының Бас директоры Роберт Уилтпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар «Ma’aden» мен қазақстандық компаниялардың тау-кен металлургия саласындағы ынтымақтастығын кеңейту мәселелерін талқылады, соның ішінде Қазақстан мен Сауд Арабиясының тау-кен өнеркәсібінде бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері бойынша пікір алмасты.

Сонымен қатар, қазақстандық елші сұхбаттасушыны Қазақстандағы тау-кен металлургия кешенінің дамуы, қолданыстағы заңнамасы, озық тәжірибелер мен технологиялар туралы хабардар етті.

Бұған қоса, «Ma’aden» басшылығына еліміздегі инвестициялық мүмкіндіктер мен қазақстандық тау-кен өндіруші-барлау компаниялары жасап жатқан тау-кен өнеркәсібіндегі перспективалық жобалар ұсынылды.

«Ma'aden» (Saudi Arabian Mining Co.) – әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан тау-кен өндіруші компаниялардың бірі және Таяу Шығыстағы ең ірі тау-кен және металлургиялық компания болып табылады. Бүгінгі таңда «Ma'aden» нарықтық капиталдандыру бойынша әлемдегі ең үздік 15 тау-кен компанияларының тізіміне кіреді.

Компанияның негізгі қызметі алтынды, түсті металдарды, пайдалы қазбаларды, фосфаттарды, алюминийді және т.б. металдарды барлау мен өндіруге, сондай-ақ тау-кен инфрақұрылымын және өнеркәсіпті дамытуға, соның ішінде фосфатты тыңайтқыштарды жасап шығаруға бағытталған.