
2023 ж. 15 мамырда Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Берік Арын Саудтық халықаралық стратегиялық әріптестік орталығының (SCISP) Президенті Раад әл-Баракатимен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы өзара әрекеттестік мәселелерін, оның ішінде сауда-экономикалық, көліктік-логистикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту жолдарын талқылады. Д-р Раад әл-Баракати Қазақстан-Сауд қатынастарының оң үрдісін атап өтіп, екі елдің қолда бар мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеу қажеттігіне тоқтады. Сондай-ақ, ол басым бағыттарды айқындау және нақты ұсыныстар әзірлеу арқылы мемлекетаралық өзара іс-қимылдың барлық салалары бойынша екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға жан-жақты жәрдемдесуге Орталық дайын екенін қуаттады.
Өз кезегінде, Б.Арын Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан кешенді ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, оның ішінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың модернизациялық бастамалары, елдегі демократиялық үрдістерді нығайтуға бағытталған заңнамадағы өзгерістер, сондай-ақ а.ж. наурыз айында өткен парламенттік сайлаудың қорытындылары туралы баяндап берді.
Елші Б.Арын "SCISP" орталығының басшысына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Нұртілеудің атынан 2023 ж. 8-9 маусымда өтетін Астана халықаралық форумына қатысуға шақыруды тапсырып, іс-шараның күн тәртібімен және бағдарламасымен, қатысушылардың құрамымен таныстырды.
Сонымен қатар, тараптар "SCISP" мен қазақстандық зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін қарастырып, кездесу қорытындысы бойынша екі ел арасындағы өзара тиімді байланыстарды кеңейту жөніндегі күш-жігерді үйлестіруге келісті.
"SCISP " - Сауд Арабиясының жетекші ғылыми орталықтарының бірі және Корольдіктің халықаралық және өңірлік стратегиялық серіктестеріне қатысты күш-жігерін реттеуді көздейтін тәуелсіз мемлекеттік құрылым болып табылады. Өз мандаты шеңберінде "SCISP" САК-тың әлеуетті стратегиялық серіктестерін айқындауға мүмкіндік беретін критерийлер мен жоспарларды әзірлеу бойынша мемлекеттік және жеке құрылымдар арасында үйлестіруді жүзеге асырады. Корольдіктің стратегиялық әріптестермен өзара іс-қимылының нәтижелеріне талдау және мониторинг жүргізеді.
САК Сыртқы істер министрі Ханзада Ф. Фархан төрағалық ететін "SCISP" Директорлар кеңесінің құрамына - Сауда, Инвестициялар, Қоршаған орта, Су және Ауыл шаруашылығы, Экономика, Қаржы, Көлік және логистика, Индустрия және Минералдық ресурстар министрлері, "PIF" мемлекеттік инвестициялық қорының басшысы және т.б. үкіметтің белгілі мүшелері кіреді.